Қазақстандағы ең бай әйелдің жеке мектебі қанша тапқанын жариялады

24.08.2026 14:15 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Қазақстандағы ең бай әйелдің жеке мектебі қанша тапқанын жариялады
186
Фото: foundation.kz

Алматыдағы «Мирас» халықаралық мектебі 2025 жылдың қорытындысы бойынша 1,24 млрд теңге таза пайда тапты, деп хабарлайды Politico.kz.

Forbes Kazakhstan басылымының жазуынша, оқу орны алғаш рет өз қаржылық есебін жариялады. Мектептің таза пайдасы бір жыл ішінде 28% өсті. 2024 жылы бұл көрсеткіш 971,3 млн теңге деңгейінде болған еді.

Оқу орнының жылдық түсімі де 17% ұлғайды. 2024 жылы табыс 3,99 млрд теңге болса, 2025 жылы 4,7 млрд теңгеге жетті. Бұл қаражаттың басым бөлігі білім беру қызметінен түсті. Аталған бағыт мектепке 4,15 млрд теңге табыс әкелді. Сонымен бірге мекеме мемлекеттік білім беру тапсырысы есебінен 384,6 млн теңге алды. Қосымша білім беру қызметінен түскен қаржы 143,06 млн теңгені құрады.

Forbes Kazakhstan басылымының 2026 жылғы мәліметіне сәйкес, мектеп Алматы мен Астананың 25 жеке мектебі тізімінде тоғызыншы орында тұр. Рейтингте мектептің бағаланған жылдық табысы 4,4 млрд теңге деп көрсетілген. Мұнда орташа оқу ақысы айына 701 мың теңгені құрайды.

«Мирас» мектебі NNEF қоғамдық қорының филиалы саналады. Оқу орны 1999 жылдың қазан айында тіркелген. Мектеп жұмысын бақылайтын қордың өзі Қазақстанның тұңғыш президентінің бастамасымен 1998 жылы құрылған.

NNEF білім беру кластерінің ресми сайтында бірнеше ірі ұйым көрсетілген. Олардың қатарында Астанадағы «Мирас» халықаралық мектебі және Астана, Алматы, Атырау қалаларындағы үш инновациялық «Мирас» балабақшасы бар. Бұл құрылымға Алматы халықаралық мектебі мен «Арыстан» мамандандырылған лицейі кіреді. Кластер құрамында Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (IITU) мен Astana IT University (AITU) жұмыс істейді. Сонымен қатар Қазақстан-Британ техникалық университеті (ҚБТУ) және Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті (АЭжБУ) де осы қорға қарайды. Кенжеғали Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университеті (UIB) мен «SOS Қазақстан балалар ауылдары» әлеуметтік жобасы да аталған жүйеге енген.

Adata.kz платформасының мәліметінше, қазіргі уақытта NNEF қорының құрылтайшылары – Динара Құлыбаева мен Галина Самарская.

Еске сала кетейік, Динара Құлыбаева Қазақстанның ең бай 75 бизнесмені рейтингінде жұбайы Тимур Құлыбаевпен бірге үшінші орынды иеленіп отыр. Сонымен қатар ол 2026 жылдың сәуірінде алғаш рет жарияланған Қазақстанның ең бай 25 әйелі тізімінде бірінші орында тұр. Forbes Kazakhstan оның дәулетін $5,4 млрд деп бағалады. Бұл көрсеткіш оған 2026 жылдың наурызындағы Forbes әлемдік миллиардерлер тізімінде 780-орынға шығуға мүмкіндік берді.

Войдите, чтобы оставить комментарий