Қазақстандықтардың 70 пайызға жуығы биліктің халықты еститініне сенеді
Қазақстандықтардың басым бөлігі мемлекеттің халықпен байланысын оң бағалап отыр, сауалнамаға қатысқандардың 69,9 пайызы билік азаматтардың үніне құлақ асады деп санайды. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
ҚСЗИ жүргізген зерттеуге сәйкес сауалнамаға қатысқандардың 69,9%-ы «мемлекет өз азаматтарын естиді» деп санайды. Тарқатып айтсақ, халықтың 28,4%-ы «мемлекет азаматтарды тыңдап, олардың мәселелерін шешеді» десе, ал 41,5%-ы «иә, мемлекет азаматтардың пікіріне құлақ асады» деген көзқараста.
Зерттеу нәтижесі көрсеткендей бұл сандар мемлекет пен қоғам арасындағы ашықтық қағидаттары мен кері байланыстың біртіндеп қалыпты жұмыс тәжірибесіне айналып келе жатқанын аңғартады.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ресми дерегінше қазіргі таңда елдегі мемлекеттік органдарда 90 мыңнан астам адам еңбек етіп жүр. Мәселен 2025 жылы шенеуніктердің жалпы штаттық саны 91 555 адамды құраған болатын. Жалпы бұл саладағы цифрландыруды күшейтіп, кадрлық іріктеу мен кәсіби дамуды жетілдіру мақсатында 2024 жылы мемлекеттік қызметті дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітіліп, тиісті заңға бірқатар маңызды өзгерістер енгізілген еді.
Айта кетейік, ауқымды әлеуметтанулық сауалнама биылғы жылдың 10 сәуірі мен 10 мамыры аралығында жүргізілген. Зерттеу жұмыстарына еліміздің 17 облысы мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан барлығы 8 мың тұрғын қатысты.
Соңғы жаңалықтар