Қазақстанға контрабандалық темекілер қырғыз шекарасы арқылы өтуде
Қазақстанға контрабандалық темекілер Қырғызстан арқылы тасымалдануда. Соңғы үш жылда елімізде темекі өнімдерінің заңсыз айналымы үш есеге өсті. 2024 жылы бұл көрсеткіш 10,1%-ға жетті, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Мұндай мәліметтер Астанада өткен XII Халықаралық «Антиконтрафакт» форумында жарияланды.
QazSpirits қауымдастығының атқарушы директоры Дмитрий Жуковтың айтуынша, Қазақстанда заңсыз сатылып жатқан ең танымал темекі маркалары – Oris (54,2%) және Oscar (7,8%).
Контрабанданың негізгі жолы бірнеше ел арқылы өтеді. Алдымен тауар Парсы шығанағынан Иранға жеткізіледі, содан кейін Тәжікстан мен Қырғызстан арқылы Қазақстанға өтеді. Қырғызстаннан Қазақстанға тасымалдың басты өткелдері: «Айша Бибі», «Қордай», «Сыпатай батыр», «Гродеково» және «Кеген».
Дмитрий Жуковтың мәліметінше, Қазақстанның темекі нарығы жылына 20 миллиард дана өнімді құрайды. Оның 1,8 миллиарды – заңсыз тауар. Бұл мемлекет қазынасына 32 миллиард теңге салық түсімінің жоғалуына әкелген.
Сарапшылардың пікірінше, контрабандалық тауармен күресу үшін шекарадағы бақылауды күшейту, оптомен айналысатын саудагерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу және заңсыз тасымалды қатаң қадағалау қажет.