Қазақстанның несиелік рейтингі он жылда алғаш рет көтеріліп отыр
S&P Global Ratings халықаралық агенттігі Қазақстанның тәуелсіз несиелік рейтингін «BBB-» деңгейінен «BBB» деңгейіне дейін көтерді, деп хабарлайды Politico.kz.
Мемлекет мұндай бағалауды 2016 жылдан бері бірінші рет алып отыр. Бұл әлемдік қауымдастық үшін өте маңызды белгі. Ол үкіметтің өз қарыздарын уақытылы әрі толық өтей алатынын көрсетеді.
Агенттік болжамына сүйенсек, Қазақстан экономикасы 2026 жылы 5,1% өсуі мүмкін. Мұнай өндіретін мемлекеттер арасында еліміз орташа мерзімде жоғары өсім қарқынын сақтап қалады. Рейтингтің көтерілуіне экономиканы әртараптандыру және ауқымды инвестициялық бағдарламалар әсер еткен. Бұл ретте шикізатты өңдеу мен инфрақұрылымды дамыту басты рөл атқарады. Осы бағытта «Бәйтерек» холдингінің қатысуымен инвестиция көлемі ішкі өнімнің 30% деңгейіне жетуі ықтимал.
Экономист әрі аналитик Расул Рысмамбетов бұл жаңалықты ел үшін өте тиімді деп бағалады. Ол 2025 жылдың сәуірінен бері Қаржы министрлігінің қоғамдық кеңес мүшесі қызметін атқарады. Ал 2026 жылдың тамызынан бастап БЖЗҚ директорлар кеңесінің құрамына кірді.
«Рейтингтің өсуі Қазақстанда айтарлықтай беріктік қоры бар екенін растайды. Бізде валюталық және фискалдық резервтер жеткілікті. Ал мемлекеттік қарыз салыстырмалы түрде төмен деңгейде. Сонымен қатар еліміздің сыртқы несие беруші ретіндегі орны тұрақты», – деді Расул Рысмамбетов.
Сарапшы бұл өзгеріс тек үкіметке ғана емес, бүкіл қаржы секторына пайдалы екенін айтты. Оның сөзінше, жаңа рейтинг инвесторлардың сенімін арттырады.
«Алдағы уақытта бұл квазимемлекеттік компаниялар мен банктер үшін де тиімді. Оларға шетелден қарыз алу құны төмендеуі мүмкін. Картадағы біздің нүктеміз салат түспен емес, нақты жасыл түспен жанды», – деп мәлімдеді сарапшы.
Сонымен қатар маман реформалардың экономика тұрақтылығына оң ықпал еткенін атап өтті. Ол ендігі басты міндет санды сапаға айналдыру екеніне назар аударды.
«Рейтингтік агенттіктің әдіснамасы бойынша бұл біздің реформалардың дұрыс бағытта екенін білдіреді. S&P агенттігі өз түсіндірмесінде осыны нақты сипаттап, растап отыр. Ендігі кезекте инвестициялар өсімі сапалы жобаларды іріктеумен ұштасуы қажет. Сондай-ақ өнімділік пен жеке капиталдың артуы да өте маңызды», – деді аналитик.
Соңғы жаңалықтар