«Қазақтардың арқасында аман қалдық»: Польша елшісі әсерлі мәлімдеме жасады
Қазақстандағы Польша елшісі Михал Лабенда екі елді байланыстыратын тарихи оқиғалар туралы айтып, қазақ халқына ерекше алғысын білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Дипломаттың сөзінше, 1936 жылы Қазақстанға күштеп көшірілген поляктардың аман қалуына қазақ халқының көрсеткен көмегі себеп болған.
Елші екі халықтың тарихында ауыр кезеңдер аз болмағанын атап өтті. Оның айтуынша, кеңес билігі 1936 жылы поляктарды туған жерінен күштеп көшіріп, Қазақстанға қоныстандырған. Сол кезеңде қазақ халқының өзі де ашаршылықтан кейінгі қиын жағдайды бастан өткеріп жатқан еді.
«1936 жылы кеңес билігі поляктарды өз жерінен күштеп алып, Қазақстанға әкелді. Поляктар тек қазақтардың арқасында аман қалды. Ол кезде ашаршылықтан бері көп уақыт өтпеген, қазақтардың өзіне де өте қиын болды. Соған қарамастан, олар бізге көмектесіп, өмірімізді сақтап қалды. Біз бұл оқиғаны тарихи жадымызда сақтаймыз», – деді Михал Лабенда.
Айта кетейік, елшінің бұл мәлімдемесі тағы бір қырымен ерекшеленді. Ол сұхбатты қазақ тілінде берген. Михал Лабенда қазақ тілін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқып жүрген кезінде меңгерген.
Дипломат қазақ тілін жақсы көруінің бірнеше себебін атаған. Әсіресе тілдің сөздік қорының байлығын, ерекше тұрақты тіркестері мен сөз орамдарын жоғары бағалайды. Сондай-ақ XV–XVI ғасырлардағы тілдік ерекшеліктердің бүгінге дейін сақталғанын атап өткен. Оның сөзінше, осының арқасында Бұқар жыраудың өлеңдерін қазіргі оқырман да қиындықсыз түсіне алады.
Бірнеше тілді еркін меңгерген Михал Лабенда поляк және қазақ тілдерінен бөлек, әзербайжан, ағылшын, араб, неміс, орыс, өзбек және француз тілдерінде сөйлейді.
Соңғы жаңалықтар