Қазір кез келген адамға есігімді ашпаймын — Роза Әлқожа

01.10.2026 • 21:10 Томирис САҒЫНДЫҚ
Қазір кез келген адамға есігімді ашпаймын — Роза Әлқожа
209
Фото: instagram.com/roza_alqozha/?hl=ru

Әнші Роза Әлқожа адамдармен қарым-қатынас, өмірлік тәжірибе мен айналасындағы ортаны таңдау төңірегінде өз ойын айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Әнші бұл туралы "Кездесу" бағдарламасында айтты. 

«Бұрын үй шаруасындағы адам болсын, басқа болсын, бәрін алаламай қабылдайтынмын. Ал қазір қараймын, кез келген адамға есігімді аша бермеймін. Мен қазір қарап таңдаймын. Ол өскен, өніп-өркендеген, бір нәрсеге жеткен адам ба, оны тыңдауға бола ма, ол кім өзі? Мен уақыт бөлуіме тұратын адам ба? Ал бұрын кім болса да, соны тыңдап жүре беретінбіз. Бір адам келіп, ешкім болмаса да, саған керемет сөз айтып кетеді. Ол, мүмкін, адамның мамандығында да бар шығар. Ол, мүмкін, Алланың жіберген адамдары болар. Адамның тегіне де байланысты. Халықтың ішінде ондай кісілер көп кездеседі. Ал сен керемет көрген бір адам — сұмдық образдың ішіндегі бір надан болып тұруы мүмкін. Біз көбінесе адамдарды өзіміздің қиялымызбен үлкейтіп аламыз. Ал бұл пенде де, басқа да пенде деп қарау керек. Оның да кемшіліктері бар», — деді Роза Әлқожа.

Өнер иесі танымалдылықтың екінші жағы мен оның адам өміріне тигізетін әсері туралы сөз қозғады. Танымал болу сырт көзге тартымды көрінгенімен, іс жүзінде жеке өмірдің шектелуіне және айналаның сөзі мен көзіне ұшырауға алып келеді. Роза Әлқожа жеке өмір мен отбасын көз тиюден сақтаудың маңыздылығын өмірлік тәжірибесі арқылы түсіндіреді.

«Маған табынып кететін қыздар бар. "Әпке сіз сияқты көп балалы болдық, сіз сияқты мықты болдық" дейді. Мен оларға: "Мен Құдай емеспін. Сіздің пендешілігіңізді көргім келмейді, ал сіз менің пендешілігімді көріңіз. Мен де адаммын. Мен де қартаямын, мен де шаршаймын, мен де жаңылысамын, мен де қателесемін" деймін. Танымалдылық деген нәрсеге бұрын өзім ұмтыла беретінмін. Маған танымал болу өте күшті сияқты болып көрінетін. Ал танымал болғаннан кейін сен жасырынғың келеді екен. Өйткені сенде жеке өмірің болмай қалады. Сен аквариумдағы балық сияқты, витринадағы зат сияқты боласың. Ал витринадағы затқа міндетті түрде күн түседі, ағарады, қараған сайын көз тиеді, сынады. Неге бәйгенің аттарын көзіне дейін жауып тастайды? Неге қорада қамап ұстайды? Өйткені көз, сөз, тіл-көз деген нәрсе бар. Біз де бәйгенің аттары сияқтымыз. Ал біз көбінесе жабылмаймыз, ашық жүреміз. Содан кейін денсаулығыңнан айырыласың. Көз тиеді, тіл тиеді. Мен осы кезге дейін түк қорықпай жүрдім. Топырлатып балаларымды алып шығамын, күйеуімді сала беремін. Бірақ мұсылмандықта да, психологияда да: "Жасыр, көз тиеді" деп айтады. Балам қатты ұстанады. Немереммен жүрсем: "Мама, салмай-ақ қойыңызшы" деп айтады», — деді Роза Әлқожа.

Войдите, чтобы оставить комментарий