QirSabyn телеграм-арнасының админдері ұзақ жылға сотталып кетті
Астана соты танымал тұлғалардың жеке өміріне қатысты деректерді жарияламау үшін ірі көлемде қаражат талап еткен QirSabyn Telegram-арнасының админдеріне қатысты үкім шығарған. Бұл туралы Buzyq Media хабарлады.
QirSabyn арнасы 2023 жылдың ортасынан бастап 2024 жылдың желтоқсанына дейін бір жарым жылға жуық уақыт бойы белсенді жұмыс істеп, 110 мыңнан астам жазылушы жинап үлгерген еді. Олар елге белгілі жұлдыздар, блогерлер, бизнесмендер мен шенеуніктердің жеке өміріне қатысты өсек-аяң мен компроматтар жариялаумен айналысты, ал каналдағы ең соңғы жазба 2024 жылдың 11 желтоқсанында жарық көрді.
Осыдан кейін 2024 жылдың желтоқсан айында Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура және Қаржылық мониторинг агенттігі Астана мен Қарағанды қалаларында үлкен бірлескен операция ұйымдастырып, каналдың 7-ге жуық әкімшісі мен ұйымдастырушысын тұтқындады. Олардың үстінен бопсалау және жеке өмірдің қолсұғылмаушылығын бұзу баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Тергеушілердің мәліметінше, админдер танымал адамдардың беделін түсіретін материалдарды жарияламас үшін немесе желіден өшіру үшін ірі көлемде қаражат талап еткен, ал бұл заңсыздыққа шыдамай құқық қорғау органдарына белгілі тележүргізуші, құрылыс компаниясы иесінің әйелі және жоғары лауазымды тұлғалардың туыстары шағым түсірген.
Арада уақыт өтіп, 2026 жылдың қаңтарында Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеу амалдарының толық біткенін және істің Астана сотына өткенін Ulysmedia-ға мәлімдеген болатын. Ал бүгін Buzyq Telegram-арнасы істің шешімі шығып кеткенін хабарлады.
«Астана сотынан сұрап көрдік. Сөйтсек, биыл ақпан айында 2 адам (Р. мен Р.) сотталыпты. Сот жабық түрде өткен. Екеуі де "Қорқытып алу" (вымогательство) бабы бойынша кінәлі деп танылды. Біреуіне 6 жыл, екіншісіне 6,5 жыл берген екен», – деп жазды арна.
Соңғы жаңалықтар