«Қол бос, қарапайым пенсионермін»: Парламенттен кеткен Ермұрат Бәпи күтпеген ұсыныс алған

29.07.2026 16:39 Әсел МҰРАТ
«Қол бос, қарапайым пенсионермін»: Парламенттен кеткен Ермұрат Бәпи күтпеген ұсыныс алған
492
Фото: Абзал Қалиев

Парламент Мәжілісінің бұрынғы депутаты Ермұрат Бәпи алдағы Құрылтай сайлауына қоғамдық бақылау жүргізетін «Халық үні» тәуелсіз байқаушылар тобының жұмысына қосылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасына жазды.

Ермұрат Бәпидің айтуынша, оған «Abai.kz» порталының бұрынғы жетекшісі Нұргелді Әбдіғани хабарласып, тәуелсіз байқаушылар тобын құруға шақырған. Топ құрамында азаматтық белсенді Дос Көшім мен Бақытжан Бұқарбай да бар.

«Халық үні» бақылаушылар тобының алғашқы баспасөз мәслихаты өткен. Бәпидің сөзінше, топ мүшелерінің арасында бұған дейін АЭС пен Конституциялық реформа бойынша өткен референдумдарға бақылау жасаған азаматтар бар. Ал Дос Көшім сайлау үдерісін бақылауға 1998 жылдан бері қатысып келе жатқан тәжірибелі байқаушы ретінде аталды.

Ермұрат Бәпи өзі де 2005 жылғы президент сайлауында оппозицияның сол кездегі бірыңғай кандидаты Жармахан Тұяқбайды қолдаған «Әділетті Қазақстан» қозғалысы құрамында байқаушы болғанын еске алды.

Оның айтуынша, қазіргі тәуелсіз байқаушылар топтары бұрынғыдай ауқымды қаржылық мүмкіндікке ие емес. Сондықтан бүкіл елдегі сайлау учаскелерін толық қамту қиын.

«Бірақ қалай болғанда да, қоғам сайлауды бақылау процесіне мейлінше етене араласуы керек. Еркін, ашық, таза сайлау талабын қалыптастыру заңмен ғана емес, азаматтардың саналық жауапкершілігі мен белсенділігі арқасында жүзеге асатын болса, елді демократияландыру үрдісі де соншалықты жедел жүрер еді», – деп жазды ол.

Бәпидің пікірінше, бүгінгі байқаушы болашақта қоғамға жанашыр белсенді азаматқа айналуы мүмкін.

Сонымен қатар ол 2019 жылғы сайлаудан кейін белсенді болған «Тәуелсіз бақылаушылар» қозғалысының қазіргі жағдайына қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, бастапқыда біріккен ұйым кейіннен түрлі саяси мүдделерге байланысты бөлшектеніп кеткен.

Ал «Халық үні» тобының басты мақсаты – белгілі бір партияны немесе саяси күшті қолдау емес, сайлау процесінің ашықтығы мен дауыс берудің тазалығын бақылау.

«Біздің бақылаушылар үшін Құрылтай сайлауына түсетін жеті партияның бәрі бірдей, ешбіріне бүйрегіміз бұрылмайды. Біздің мүддеміз – тек сайлаудың және дауыс берудің тазалығын бақылау!» – деді Ермұрат Бәпи.

Войдите, чтобы оставить комментарий