Қонаевта мектептің үшінші қабатынан құлаған оқушы қайтыс болды

Қонаевта мектептің үшінші қабатынан құлаған оқушы қайтыс болды
Фото: Politico.kz/ЖИ

Алматы облысының Қонаев қаласында мектептің үшінші қабатынан құлаған оқушы ауруханада көз жұмды. Дәрігерлер оған ота жасағанымен, баланың өмірін сақтап қала алмады, деп хабарлайды Politico.kz.

Қайғылы оқиға 16 қарашада Қонаев қаласындағы «Орта мектеп-гимназия» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде болған. Бұл туралы тілшімізге Алматы облыстық білім басқармасы хабарлады.

Басқарманың алдын ала мәліметінше, оқиға сабақ басталмай тұрып, сағат 12:30 бен 13:00 аралығында болған. Оқушы үшінші қабаттағы баспалдақтың сүйенішіне отырып сырғанаған кезде құлап, екінші қабаттағы баспалдақ алаңына түскен.

Бала басынан ауыр жарақат алып, есінен танып қалған. Оны шұғыл түрде қалалық ауруханаға жеткізген.

Сол күні кешке дәрігерлер оқушының өмірін сақтап қалу үшін ота жасаған. Алайда 17 қарашада бала қайтыс болды.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Politico.kz полицияға сауал жолдады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу