Қазақстанның 2027–2029 жылдарға арналған бюджеті қабылданды

Қазақстанның 2027–2029 жылдарға арналған бюджеті қабылданды
Фото: Politico.kz/Абзал Бахытжанов

Құрылтай «2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңды үшінші оқылымда қабылдады. Құжатқа сәйкес, келесі жылы ең төменгі жалақы 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеріледі. Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыруға, су құбырларын тартуға және басқа да жобаларға қосымша қаржы бөлінеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Құрылтайдың Қаржы және бюджет комитетінің қорытындысына сәйкес, депутаттар 2027 жылғы бюджет шығыстарын ұлғайтуды қолдаған.

Атап айтқанда, Президенттің 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауында берген тапсырмаларын орындауға қосымша 114,1 млрд теңге қарастырылған.

Оның ішінде 75,9 млрд теңге ең төменгі жалақыны 85 мыңнан 110 мың теңгеге көтеруге жұмсалады. Ал 20 млрд теңге алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдар қызметкерлерінің жалақысын өсіруге бөлінеді.

Бұдан бөлек, мектептерге жасанды интеллект енгізуге 600 млн теңге, басқа шараларға 17,6 млрд теңге қарастырылған.

Президенттің өзге де тапсырмаларын орындауға тағы 101,5 млрд теңге бөлу жоспарланған. Соның ішінде:

  • 34,5 млрд теңге – Сәтбаев атындағы каналдан Астанаға дейін су құбырын тартуға;
  • 21,9 млрд теңге – мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттерін жаңғыртып, қажетті техникамен жабдықтауға;
  • 16,2 млрд теңге – «Балқаш» атом электр станциясының жобасы бойынша зерттеу жұмыстарына;
  • 5,5 млрд теңге – Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлерінің санын көбейтіп, материалдық-техникалық базасын нығайтуға;
  • 26,6 млрд теңге – басқа шараларға бағытталады.

Алайда осы шығыс баптарының жиынтығы 104,7 млрд теңге болады. Бұл құжатта көрсетілген 101,5 млрд теңгеден 3,2 млрд теңгеге артық.

Өңірлердегі инфрақұрылымды дамытуға қосымша 47 млрд теңге бөлінеді. Оның 28,1 млрд теңгесі жылу, газ және электрмен жабдықтау жүйелерін дамытуға жұмсалмақ.

Сондай-ақ сумен жабдықтауға 4,9 млрд теңге, денсаулық сақтау нысандарын салу мен дамытуға 2,5 млрд теңге қарастырылған. Арнайы экономикалық аймақтарды дамытуға 6,5 млрд теңге бөлінеді. Ал әуе көлігін дамытуға және Төтенше жағдайлар министрлігінің нысандарына 2,5 млрд теңгеден бағытталады.

Қосымша шығындарды қаржыландыру үшін Президент пен Үкіметтің резервтері пайдаланылады. Сондай-ақ мемлекеттік қарызға қызмет көрсету шығындарын қысқарту есебінен босаған қаражат жұмсалады.

Бұдан бөлек, бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында мемлекеттік органдар арасында жалпы сомасы 135,5 млрд теңге қайта бөлінген.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу