Ғалымдар семіздіктің ерлер мен әйелдерге неге әртүрлі әсер ететінін анықтады

Ғалымдар семіздіктің ерлер мен әйелдерге неге әртүрлі әсер ететінін анықтады
Фото: magnific.com

Семіздіктің ерлер мен әйелдерге әртүрлі әсер етуінің себебі май тініндегі иммундық жасушаларға байланысты болуы мүмкін. АҚШ ғалымдары кейбір жасушалар ағзаны қабынудан қорғаса, басқалары керісінше зат алмасуды бұзып, денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін екенін анықтады. Бұл туралы ScienceDaily басылымы жазды, деп хабарлайды Politico.kz.

Калифорния университетінің Риверсайдтағы кампусының ғалымдары тышқандарға тәжірибе жасап, май тінінен эозинофилдер деп аталатын иммундық жасушалардың алты түрін тапқан. Бұған дейін бұл жасушалар негізінен аллергия мен демікпеге қатысы бар екенімен белгілі болған.

Зерттеу барысында олардың ағзадағы қызметі бірдей емес екені анықталды. Кейбірі семіздік кезінде қабынуды азайтуға көмектессе, енді бірі зат алмасуға кері әсер етуі мүмкін.

Ғалымдар ұрғашы тышқандардың май тінінде ағзаны қорғайтын эозинофилдер көбірек кездесетінін байқаған. Бұл жасушалар макрофагтар деп аталатын басқа иммундық жасушалармен жақсы байланысып, май тінінің қалыпты жұмыс істеуіне көмектеседі.

Ал аталық тышқандарға майы көп тағам берілгенде, олардың ағзасында қабынуға байланысты эозинофилдер жиірек пайда болған. Сондай-ақ май тініндегі кейбір жасушалардың қорғаныш қызметі әлсіз екені байқалған.

Зерттеуге жетекшілік еткен биомедицина профессоры Мира Наирдың айтуынша, бұл жаңалық семіздікке қарсы емдеудің жаңа жолдарын табуға мүмкіндік беруі мүмкін.

«Эозинофилдер біз ойлағаннан әлдеқайда күрделі болып шықты. Олардың кейбір түрлері семіздіктің зиянды әсерінен қорғай алады. Егер осы қорғаныш жасушаларын қалыптастыратын тетіктерді анықтап, іске қоса алсақ, зат алмасуды жақсартудың жаңа жолдарын табуымыз мүмкін», – деді ғалым.

Зерттеушілер RELM-альфа деп аталатын ақуыздың да маңызды рөл атқаратынын анықтаған. Оны макрофагтар бөледі. Бұл ақуыз ұрғашы тышқандардың май тініндегі иммундық жасушалардың өзара байланысын сақтауға көмектесуі мүмкін. Бұған дейінгі тәжірибелерде RELM-альфа ақуызын тышқандарға енгізу олардың ағзасына қорғаныш әсерін берген.

Дегенмен ғалымдар бұл нәтижелерді адамдарға бірден қолдануға болмайтынын ескертеді. Өйткені зерттеу әзірге тышқандарға ғана жүргізілген. Семіздікке шалдыққан адамдардың май тінінен де эозинофилдер табылғанымен, олардың нақты қызметі толық зерттелмеген.

«Бір дәрі ерлер мен әйелдердің ағзасында әртүрлі әсер етуі мүмкін. Әсіресе иммундық жүйеге ықпал ететін препараттарға қатысты мұны ескеру маңызды», – дейді зерттеу авторларының бірі Синьжу Цю.

Енді ғалымдар адам ағзасындағы май тінінің зертханалық үлгісін жасауды жоспарлап отыр. Ол үшін май тінінің кейбір қасиеттерін қайталайтын үш өлшемді шағын модельдер әзірленіп жатыр. Зерттеушілер сол арқылы иммундық жасушалардың өзара байланысын өзгерту семіздіктің зиянды әсерін азайта ала ма, соны тексермек.

Зерттеу нәтижелері PNAS Nexus ғылыми журналында жарияланды. Оған АҚШ Ұлттық денсаулық институттары, Калифорния университетінің Риверсайдтағы медицина мектебі және Калифорния регенеративті медицина институты қаржылай қолдау көрсеткен.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу