Қазақстанда біреудің суретін рұқсатсыз жариялағандарға айыппұл салынуы мүмкін
Құрылтай онлайн платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдары туралы жаңа заң жобасын бірінші оқылымда қарап жатыр. Құжатта адамның суретін оның келісімінсіз жариялағаны және заңсыз контентті өшіру талабын орындамағаны үшін қомақты айыппұл салу ұсынылған, деп хабарлайды Politico.kz.
Жаңа талаптар қарапайым әлеуметтік желі қолданушыларына да, онлайн платформалардың иелеріне де бірдей қолданылады. Атап айтқанда, адамның фотосуретін рұқсатсыз жариялаған жеке тұлғаларға 30 АЕК (2026 жылы 129 750 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған. Ал мұндай заңбұзушылыққа жол берген ұйымдар 60-тан 200 АЕК-ке дейін (259 500 – 865 000 теңге) айыппұл арқалауы мүмкін.
Сонымен қатар заң жобасында 5 мыңнан астам оқырманы бар анонимді парақшалар туралы мәлімет бермеуге де жауапкершілік енгізу көзделген. Бұл талапты алғаш рет бұзғандарға ескерту жасалады немесе 20 АЕК (86 500 теңге) айыппұл салынады, ал бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері 40 АЕК-ке (173 000 теңге) дейін өседі.
Бұдан бөлек, уәкілетті органның заңсыз контентті немесе балаларға қатысты кибербуллинг белгілері бар ақпаратты өшіру туралы нұсқамасын орындамаған онлайн платформалардың иелері де жауапқа тартылады. Мұндай жағдайда шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға 50 АЕК (216 250 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК (432 500 теңге), ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 200 АЕК (865 000 теңге) айыппұл салынады. Егер тәртіпбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл көлемі екі еселеніп, тиісінше 100, 200 және 400 АЕК-ке дейін ұлғаяды.
Қазіргі уақытта заң жобасы Құрылтайдың қарауында жатыр және әлі түпкілікті қабылданған жоқ. Егер құжат мақұлданып, ресми түрде жарияланса, жаңа нормалар 60 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.
Соңғы жаңалықтар