ҚТЖ басшысы Талғат Алдыбергенов жеке компаниясы бар екенін растады
"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов үкіметте өткен брифингте "АстанаТрансЭкспресс" серіктестігінің құрылтайшысы екенін растады, деп хабарлайды Politico.kz.
Ол бұл мәлімдемені журналистердің ықтимал мүдделер қақтығысына қатысты қойған сұрағына жауап беру барысында жасады.
Алдыбергеновтің мәлімдеуінше, аталған кәсіпорын қазіргі уақытта сенімгерлік басқаруға берілген. Сондай-ақ ол бұл компанияның КТЖ-мен де, мемлекеттік құрылымдармен де ешқандай байланысы жоқ екенін алға тартты.
"Мен шынымен де осы компанияның құрылтайшысымын. Ол мемлекеттік қызметшілер туралы заңға сәйкес басқаруға берілді. Бүгінде компания "Қазақстан темір жолымен" де, мемлекетпен де жұмыс істемейді. Сондықтан мүдделер қақтығысы жоқ. Бәрі заң аясында рәсімделген", – деді Алдыбергенов.
Бұдан бөлек БАҚ өкілдері ұлттық компания жетекшісінен бұл ұйымның әлі де жұмыс істеп тұрғанын және одан өзі табыс алып отырғанын нақтылап сұрады.
"Мен оны басқармаймын. Табыспен және қалған мәселелермен айналысатын басқарушы компания бар", – деп жауап берді ол.
Ашық дереккөздердегі мәліметтерге сүйенсек, "АстанаТрансЭкспресс" ЖШС Астана қаласында тіркелген. Ол негізінен жүк тасымалдауға маманданған экспедиторлық ұйым болып табылады. Кәсіпорын көлік және логистикалық қызметтер көрсетеді, сонымен қатар ресми экспедиторлық ұйымдардың тізімінде бар.
Талғат Алдыбергенов "Қазақстан темір жолы" компаниясының тізгінін 2025 жылдың 3 шілдесінде қолға алды. Осы тағайындауға дейін ол ұлттық компания басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған болатын. Бұған дейін Алдыбергенов көлік, логистика және өнеркәсіп салаларындағы бірнеше кәсіпорындарды басқарған.
Соңғы жаңалықтар