ҚТЖ төрағасы Талғат Алдыбергенов ай сайын қанша жалақы алатынын айтты
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов өзінің айлық табысы 1,5 млн теңге екенін айтты, деп хабарлайды Politico.kz порталы kursiv.media-ға сілтеме жасап.
Журналистердің сауалына жауап берген мекеме басшысы өз табысын жасырмай, нақты соманы атады.
«Менің жалақым 1,5 млн теңгені құрайды», – деді ҚТЖ басшысы.
Бұған дейін ұлттық компанияның топ-менеджерлеріне 2025 жылы 1,036 млрд теңге, ал 2024 жылы 816 млн теңге көлемінде сыйақы төленгені белгілі болған еді. Басқарма төрағасы бұл қаражат тек басқарма мүшелеріне емес, директорлар кеңесі құрамындағы барлығы 19 адамға берілгенін түсіндіріп, мұндай төлемдерді тағайындау туралы шешімді компанияның таза пайдасына қарай директорлар кеңесі қабылдайтынын еске салды.
Ресми мәліметке сүйенсек, ұлттық компания 2024 жылы 185 млрд теңге, ал 2025 жылы 340 млрд теңге табыс тапқандықтан, өндірістік персонал өкілдеріне де тиісінше 68 млрд теңге және 101 млрд теңге көлемінде сыйлықақы үлестірілген. Сонымен қатар Талғат Алдыбергенов бұған дейін теміржол билеттерінің құны инфляция деңгейіне сәйкес өскенін мәлімдеді.
Соңғы жаңалықтар