ҚТЖ жұмысшысының өлімі: Марқұмның қызы компанияның нұсқасын жоққа шығарды
Батыс Қазақстан облысында бағанадан құлап қайтыс болған «Қазақстан темір жолы» компаниясының қызметкеріне қатысты тергеу қорытындысымен келіспеген марқұмның отбасы әділдікті сот арқылы іздеп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға 2025 жылдың 8 қазанында болған. Ұлттық компанияда 18 жыл еңбек еткен байланыс электромеханигі жұмыс орнында ағаш бағанамен бірге жерге құлап, екі күннен кейін ауруханада жан тапсырған. Марқұмның қызы оқиғаның мән-жайын айтып, комиссия шешімімен мүлдем келіспейтінін жеткізді.
«Әкем аға механиктің тапсырмасымен ағаш бағанаға шыққан, бірақ әбден тозығы жеткен құрылғы сынып, әкем онымен бірге құлап түсті», – деді марқұмның қызы.
Оның айтуынша ауруханаға жеткізілген әкесін дәрігерлер дұрыс тексерместен үйіне қайтарып жіберген. Алайда келесі күні оның жағдайы күрт нашарлап кеткен.
«Дәрігерлер бағанадан құлау салдарынан жіңішке ішектің үзілуі мен қанның бұзылуын анықтады, ота жасалғаннан кейін әкем есін жимастан 10 қазан күні көз жұмды», – деді ол.
Жәбірленуші тарап басшылық қайғылы жағдайды алғашында жасырып қалғысы келгенін айтып отыр.
«Заң бойынша жұмыс беруші оқиға болған күні еңбек инспекциясына хабарлауы тиіс, алайда бұл ақпарат әкем қайтыс болғаннан кейін бірнеше күн өткен соң ғана жіберілді. Олар әкемді кінәлі етіп, "мас болды" деп шығарды», – мәлімдеді марқұмның қызы.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті қайғылы жағдай Желаев-Пойма өткеліндегі Жайық өзені көпірінің маңында болғанын растады.
«Жұмысшы өзіне ешқандай тапсырма берілмегеніне және әріптестерінің ескертуіне қарамастан бекітілмеген қауіпті бағанаға өз бетімен көтерілген», – хабарлады комитет өкілдері.
Арнайы құрылған комиссия марқұмның бұл әрекеті оның тікелей қызметтік міндетіне кірмейтінін алға тартып, оқиғаны өндірістік жарақат қатарына қосқан жоқ. Сонымен қатар медициналық сараптама кезінде қызметкердің қанынан 0,41 промилле көлеміндегі жеңіл дәрежелі алкоголь табылған. Алайда жұмыс берушінің қайғылы жағдай туралы уақытылы хабарламағаны расталып, мекеме әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
ҚТЖ өкілдері болған жағдайға қатысты түсініктеме беріп, жұмысшының алғашқы күні ауруханада толық қаралғанын айтты.
«Хирург жедел патологияны анықтаған жоқ, ал нейрохирург пен травматолог тек ішкі құрылыс пен кеуде қуысының жұмсақ тіндерінің көгергенін тіркеді. Екі күннен кейін ол ауруханаға қайта жүгініп, отадан соң медициналық мекемеде көз жұмды», – мәлімдеді ұлттық компанияның баспасөз қызметі.
Тексеріс кезінде ешқандай техникалық қателіктер табылмағанын айтқан компания өкілдері оқиғаның негізгі себебі басқада екенін жеткізді.
«Оқиғаға жұмысшының мас күйде болуы, жұмыс көлемін өз бетімен кеңейтуі және өрескел абайсыздығы басты себеп болды», – деді мекеме.
Қазіргі таңда бұл іс сотта қаралып жатыр.
Соңғы жаңалықтар