Қырғызстан Ресейді сотқа берді

28.01.2026 10:18 Нақыпбек Фатима Нақыпбек Фатима
Қырғызстан Ресейді сотқа берді
160
Фото: kg.akipress.org

Қырғыз Республикасының билігі Еуразиялық экономикалық одақ сотына Ресей Федерациясына қарсы талап арыз жолдады, деп хабарлайды Politico.kz порталы Dw.com-ге сілтеме жасап.

Даудың туындауына Ресей билігінің одақ аясындағы келісімдерге қарамастан, еңбек мигранттарының отбасы мүшелерін тегін медициналық қамтамасыз етуден бас тартуы себеп болған.

Міндетті медициналық сақтандыру қоры басшысы Азамат Мұқановтың 27 қаңтар күні жасаған мәлімдемесіне сәйкес: міндетті медициналық сақтандыру полистері тек жұмысшылардың өзіне ғана емес, Ресей аумағында олармен бірге тұратын туыстарына да берілуі тиіс. Бұл талап ЕАЭО-ға мүше бес мемлекет қол қойған ортақ шартта айқын көрсетілген. Алайда қырғыз тарапы Мәскеудің бұл міндеттемелерді орындаудан жалтарып отырғанын алға тартуда. Депутат Гүлнара Баатырова да отандастарының полис алу және медициналық қызметке жүгіну мәселелерін тез арада реттеу қажеттігін атап өтті.

Мәселенің төркіні 2014 жылы қабылданған ЕАЭО туралы шарттың 96-98 баптарына келіп тіреледі. Құжат бойынша одақ елдері еңбек мигранттары мен олардың отбасыларына әлеуметтік қорғау және медициналық көмек алуда тең құқық беруге міндетті. Ресми түрде көршілес елдердің азаматтары Ресейде тегін медициналық көмек алу құқығына 2017 жылы ие болған еді. Ол үшін жұмыс берушімен еңбек немесе азаматтық-құқықтық келісімшарттың болуы жеткілікті саналған. Келісімшарты жоқтар ерікті сақтандыру полисін сатып алуға тиіс. Дегенмен іс жүзінде тегін көмек көбіне тек шұғыл жағдайлармен шектеліп, толыққанды емделу үшін ақы төлеу талап етіледі.

Жағдайдың ушығуына 2025 жылдың күзінде енгізілген өзгерістер түрткі болды. Ресейдегі жаңа ережелерге сай, 28 қарашадан бастап мигранттар міндетті сақтандыру аясындағы тегін емделу құқығына тек бес жыл заңды жұмыс істегеннен кейін ғана ие бола алады. Бішкек билігі бұл шектеудің халықаралық келісімге қайшы келетінін мәлімдеп отыр.

Азамат Мұқановтың айтуынша: аталған іс бойынша сот отырысы өткен аптада болып өткен. Енді түпкілікті сот шешімі алдағы екі аптаның ішінде жариялануы тиіс.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий