«Қыркүйек» пен «қыргүйек» дауы вице-президентке жетті: Қарин қандай шешім ұсынды?

11.09.2026 08:17 Әсел МҰРАТ
«Қыркүйек» пен «қыргүйек» дауы вице-президентке жетті: Қарин қандай шешім ұсынды?
426
Фото: Ақорда

Вице-президент Ерлан Қарин жаңа Орфографиялық сөздікті ұлттық жоба ретінде қарауды ұсынды, деп хабарлайды Politico.kz

Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. 

«Қыркүйек» пен «қыргүйекке» қатысты пікірталас бізге де жетті. Шын мәнінде, бұл – тіл мамандары мен әдеби ортаның ғана мәселесі емес. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл болғандықтан, әрбір сөздің айтылуы мен жазылуы мемлекеттік аппараттың күнделікті жұмысына да тікелей қатысты. Өйткені, қазір қазақ тілі кеңсе тіліне айналды. Сондықтан мұндай мәселенің бір ұшы бізге де тиетіні рас», – деп жазды вице-президент.

Ол қазақ тілінің жаңа Орфографиялық сөздігін әзірлеу қажет екенін айта кетті.

«Әрине, мемлекет қай сөзді қалай жазу керек екеніне араласа алмайды, араласпайды да. Бұл – сала мамандары мен ғалымдардың жұмысы. Біздің міндетіміз – осы істі тиімді үйлестіру. Сол себепті елімізде тіл саясатын жүргізіп отырған мекемелердің басшылары мен белгілі ғалымдарды жинап, аталған тақырып жөнінде пікір алмастық. Талқылау барысында қазақ тілінің жаңа Орфографиялық сөздігін әзірлеу қажет деген шешімге келдік. Алдымен белгілі ғалымдардан арнайы жұмыс тобы құрылып, жаңа сөздік дайындалады. Ұсынылған еңбек Мекемеаралық комиссияда қаралып, бекітіледі», – деді Ерлан Қарин.

Ерлан Қарин орфографиялық сөздік соңғы рет 2013 жылы шыққанын атап өтті.

«Орфографиялық сөздік соңғы рет 2013 жылы шыққан. Содан бері қолданысқа қаншама жаңа сөздер қосылды. Қазіргі пікірталастардың бір ұшқыны да сонда жатыр. Бұл істе асығыстық танытуға болмайды әрі созып жүруге де уақыт жоқ.иҚазақстан тарихының көптомдық академиялық жинағын әзірлегендей, жаңа Орфографиялық сөздікке де ұлттық жоба ретінде қарауға тиіспіз», – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін оқу-ағарту министрі «қыркүйек» сөзінің «қыргүйек» болып жазылуына қатысты пікір білдірген еді. Оның сөзінше, екі нұсқаны да қате деп санауға болмайды, ал емле мәселесіне ғалымдар нүкте қоюы керек.
 

Войдите, чтобы оставить комментарий