Қырым АҚШ пен ЕО арасында дауға айналуы мүмкін

Қырым АҚШ пен ЕО арасында дауға айналуы мүмкін
01.05.2025 12:56
0
181
Фото: tripplanet.ru
Le Monde шолуында Қырым мәселесі Трамп пен ЕО-ны қақтығыстыруы мүмкін екені айтылды

Le Monde: Қырым - тек Украина мен Ресей арасындағы жанжал ғана емес, АҚШ пен ЕО арасындағы алшақтықтың да ошағына айналуы мүмкін, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткоффтың Қырым мәселесіне қатысты көзқарасы мамандар арасында алаңдаушылық тудырып отыр. Журналист Сильви Кауфман атап өткендей, Уиткофф дипломатия саласына жаңа келген адам және Қырымның тарихи, саяси маңызына терең бойлай қойған жоқ. Бірақ дәл осы Қырым түбегі – тек Ресей мен Украина арасындағы дау емес, сонымен бірге АҚШ пен Еуропа арасындағы ықтимал ірі қайшылықтардың нүктесіне айналуы мүмкін.

Қырым Ресейге алғаш рет 1783 жылы қосылғанымен, 1954 жылы Хрущев экономикалық себептермен оны Украинаға берді. 1991 жылы КСРО ыдырағаннан кейін түбектің мәртебесі күрделі мәселеге айналды. 2014 жылғы аннексия – Кремльдің нақты жоспарымен жүзеге асқан әскери операция, бұл туралы тарихшы Сергей Плохийдің еңбектерінде кеңінен айтылады.

2014 жылы Виктор Янукович Киевтен қашқан соң, Путин Қырымды иемдену туралы шешім қабылдады. 27 ақпанда Ресей әскерлері «жасыл адамшалар» кейпінде түбекке кіріп, бақылауды өз қолына алды. 28 ақпан күні Украина Ұлттық қауіпсіздік кеңесі шұғыл жиналыс өткізгенімен, батыс елдері Киевке қарсы тұруға кеңес бермеді, бұл Кремльге Қырымды толықтай бақылауға мүмкіндік берді.

Бүгінгі күні Трамп әкімшілігінің Қырымды Ресейге тиесілі деп тануға ниетті екені, америкалық құжаттарда бұл мәселенің бейресми мойындалғаны Батыс қауіпсіздігінің заңдық негіздеріне үлкен қауіп төндіреді. Еуропа бұл шешімге үзілді-кесілді қарсы, ал Трамптың мұндай қадамы НАТО-дағы серіктестіктерге сенімсіздік тудыруы мүмкін.

Сильви Кауфманның пікірінше, Қырымға қатысты Трамптың жеңіл және қарапайым позициясы тарихи және халықаралық құқықтық контексті ескермейді. Бұл тек Украина үшін ғана емес, бүкіл еуропалық қауіпсіздік архитектурасы үшін үлкен сын-тегеурін болмақ.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий