Қытай Зеленскийдің мәлімдемесіне наразылық білдірді

Қытай Украина президенті Владимир Зеленскийдің мәлімдемесіне наразылық білдірді, деп хабарлайды POLITICO.KZ Bloomberg басылымына сілтеме жасап.
Қытай Сыртқы істер министрлігінің өкілі Линь Цзянь кеше өткен баспасөз мәслихатында Бейжіңнің ұстанымын білдірді. Оның айтуынша, Зеленскийдің Қытай азаматтары Ресей жағында соғысып жатыр деген сөзі жауапсыз мәлімдеме саналады.
«Тиісті тараптарға Қытайдың ұстанымын дұрыс түсініп, жауапсыз мәлімдеме жасамауға кеңес береміз», – деді Линь Цзянь.
Ол Қытайдың әскери қақтығысқа қатыспайтынын және бейбіт реттеуді қалайтынын тағы да қайталады.
Бұған дейін Зеленский Украина арнайы қызметінің кемінде 155 қытайлық азаматтың Ресей жағында соғысып жүргенін анықтағанын мәлімдеген еді. Сондай-ақ ол Донецк облысындағы ұрыстар кезінде екі қытайлықтың тұтқынға алынғанын айтып, Украина сыртқы істер министріне Қытаймен шұғыл байланыс орнатуды тапсырған.
АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Брайан Хьюз:
«Егер Қытай өз азаматтарына Ресей жағында соғысуға рұқсат берсе, бұл алаңдаушылық туғызады және АҚШ бұл мәселеге қатысты шаралар қабылдауды қарастырады», – деп мәлімдеді.
Айта кетейік, Қытай ресми түрде Ресейге әскери қолдау көрсеткен жоқ. Алайда бұған дейін қытайлық еріктілердің Ресей жағында соғысқаны туралы ақпараттар тараған болатын. Зеленскийдің сөзі Ресейдің Қытайда белсенді түрде сарбаздар жинап жатқаны туралы алғашқы мәлімдеме саналады.
Карнеги қорының Ресей-Еуразия орталығының директоры Александр Габуевтің пікірінше, Украина бұл мәселені көтеру арқылы Қытайды АҚШ-тың басты қарсыласы ретінде көрсетіп, Трамп әкімшілігінің қолдауына ие болғысы келуі мүмкін.
Соңғы жаңалықтар





