Қызылордада балалардың қосымша біліміне бөлінген 88 млн теңгені жымқырғандар сотталды

Қызылордада балалардың қосымша біліміне бөлінген бюджет қаржысын жымқырғандарға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды POLITICO.KZ саяси-әлеуметтік порталы.
«Даму бала» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыс істейтін кәсіпкерлерден 88 млн теңгеден астам қаражат бопсалаған топтың негізгі ұйымдастырушысы 6 жылға бас бостандығынан айырылды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті жүргізген тергеу-тексеру жұмыстары қылмыстық схеманың бетін ашты. Белгілі болғандай, мониторингтік топтың мүшесі өзінің қызметтік лауазымын асыра пайдаланып, сыбайласымен бірігіп, мемлекеттік бағдарламаға қатысушы кәсіпкерлерге қысым көрсеткен. Олар тексеріс қорытындысын оң шешіп беруді уәде етіп, ақша талап еткен.
Нәтижесінде алаяқтар кәсіпкерлерден жалпы сомасы 88 миллион теңгеден астам қаражатты иемденген. Жымқырылған ақшаның бір бөлігіне олар коттедж бен жаңа автокөлік сатып алған. Алайда, сот санкциясымен бұл мүліктерге тыйым салынды. Сот үкімімен істің басты фигуранты 6 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленетін болды. Оның сыбайласы 5 жылға шартты жаза арқалады. Айта кету керек, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
«Даму бала» – 4 пен 17 жас аралығындағы балаларды спорттық және шығармашылық үйірмелерге тегін немесе мемлекеттік субсидия есебінен қатысуға мүмкіндік беретін республикалық онлайн-платформа. Жүйе ваучер принципімен жұмыс істейді: ата-аналар электрондық цифрлық қолтаңба арқылы кіріп, баланы таңдалған үйірмеге тіркейді, содан кейін кезекке қойылып, ваучер алған соң қатысуға мүмкіндік алады. Платформа Kundelik.kz жүйесімен интеграцияланған, сондықтан ата-аналар баланың қатысу мәртебесін, кезек нөмірін және ваучер тарихын бір жерден бақылай алады. «Damu bala» балалардың шығармашылық және спорттық қабілетін дамытуға жағдай жасап қана қоймай, мемлекет бөлетін қаражаттың ашық әрі тиімді игерілуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Соңғы жаңалықтар





