Ресейге қарсы санкциялардың шешімі АҚШ-та емес, Еуропада

Дональд Трамптың әлемнің 180 еліне енгізген баж салықтарынан Ресейдің тыс қалуы санкциялар механизмі АҚШ-тың емес, Еуропаның қолында екенін көрсетеді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Le Monde басылымының шолушысы Стефан Лауэрдің айтуынша, АҚШ президентінің тарифтік тізімінде Ресейдің болмауы көпшіліктің назарын аударған. Ақ үйдің өкілі Кэролайн Ливитт бұны «Ресей онсыз да санкцияларға ұшыраған» деп түсіндіргенімен, бұл аргумент шынайы жағдайды көрсетпейді. Себебі, қазіргі кезде де Ресейдің АҚШ-қа экспорты 3,5 миллиард долларды құрайды, бұл тариф енгізілген 130 елдің экспортынан жоғары.
АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткофф санкцияларды келіссөздер аяқталғаннан кейін, Еуропаның келісімін күтпей-ақ жеңілдетуге дайын екенін мәлімдеген. Бірақ сарапшылардың пікірінше, Еуропаның шешімі бұл мәселеде анағұрлым маңызды. Ресей экономикасы АҚШ-пен емес, Еуроодақпен саудаға қатты тәуелді.
«Егер Вашингтон Ресеймен сауданы қайта бастаса да, оның әсері шектеулі болады. Өйткені, соғысқа дейін Ресей мен АҚШ арасындағы сауда көлемі небәрі 35 миллиард долларды құраған, ал Еуропамен сауда одан он есе көп болатын», – деп жазады басылым.
Сондықтан Ресейге қарсы санкциялардың шешуші кілті Брюссельдің қолында қалмақ. Еуропа санкцияларды жалғастыру арқылы Ресейге нақты экономикалық қысым жасай алады. Дегенмен, бұл шешімге Венгрия секілді Мәскеумен тығыз байланыстағы елдер қарсылық танытуы мүмкін. Сарапшылар Еуропаның бірауыздан шешім қабылдау ережесін қайта қарастыру қажеттігін атап өтті.
Соңғы жаңалықтар





