Respublica және "Ақ жол" партиялары сөз қағыстырды
Құрылтай сайлауы қарсаңында Respublica және "Ақ жол" партияларының өкілдері съез барысында бір-бірін қатаң сынға алды. Бұл туралы Азаттық Радиосы жазды, деп хабарлайды Politico.kz.
4 шілде күні өткен Respublica съезінде партия төрағасының орынбасары Олжас Күспеков саяси бәсекелестерін сөзбен іліп тартты. Ол нақты есімдерді атамаса да, өздерін кәсіпкерлердің үніміз деп санайтындардың көтеріп жүрген мәселелері баяғыда маңыздылығын жоғалтқанын айтып, "Ақ жол" партиясын меңзеді.
"Ондаған жыл бойы екі орындықта отырып, өзіңді абыройлы арғымақ қылып көрсете алмайсың, іс жүзінде кішкентай сәндік пони ғанасың", – деді Олжас Күспеков.
Ал 5 шілдеде өткен "Ақ жол" партиясының жиынында экс-депутат Қазыбек Иса бұл мәлімдемеге жауап бергендей болды.
"«Ақ жолдың» істегенің жүзден бірін де істей алмай, бұлардың әйгілі мысалдары пілге үрген қанден секілді күлкілі. [Олардың] аянышты тірліктеріне қарап тағы бір мысал еске түседі: Қос қанатын жайған алып қыран құйылып келіп түлкіні алған кезде жартастың жанында тығылып отырған қарға жалп етіп қасына қона кетіп “әй әйтеуір осы түлкіні сіз боп, біз боп алдық ау” деген екен. Сондай тірлік мыналардыкы да", – деп мәлімдеді Қазыбек Иса.
Айта кетейік, ҚР Құрылтайының алғашқы сайлауы Президент Жарлығына сәйкес 2026 жылғы 23 тамызда өтеді. Бұл саяси науқанда жаңа бірпалаталы Парламентке жалпы саны 145 депутат 5 жыл мерзімге сайланады. Орталық сайлау комиссиясының шешімімен бұл додаға елде ресми тіркелген 7 саяси партия қатысады.
Соңғы жаңалықтар