Риддерде тартылған арқан 13 жастағы қыздың өмірін қиды

24.08.2026 22:28 Қанат Айбар
Риддерде тартылған арқан 13 жастағы қыздың өмірін қиды
462
Фото: Orda.kz

Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында жол үстіне тартылған арқанға мотоциклмен соғылған 13 жастағы қыз оқиға орнында көз жұмды. Мотоциклде болған екінші, 15-тегі қыз түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Politico.kz порталы Orda.kz басылымына сілтемемен.

Қайғылы оқиға 23 тамыз күні сағат 17.30 шамасында Вильгельм Пик пен Грибоедов көшелерінің қиылысында болған.

Куәгердің айтуынша, екі қыз мінген мотоцикл аса қатты жылдамдықпен жүрмеген, ал олардың соңынан полицияның патрульдік көлігі ілесіп келе жатқан. Бұрылыста болған соққының нақты сәтін көре алмаған тұрғын жақындап келгенде ғана ауыр көрініске куә болғанын жеткізді.

«Біз жақынырақ барғанымызда олардың құлап жатқанын көрдік. Бір қыздың басын жұлып кетіпті, денесінің бір бөлігі бұталардың арасында жатты, ал мотоцикл одан бірнеше метр ұзап кеткен. Оның артында отырған екінші қыздың бет-аузы қанға боялып, жолда тұрды, оны ауруханаға алып кетті», – деді оқиға куәгері.

Сондай-ақ куәгер сол маңда қара түсті кабельге ұқсас ұзын затты жинап жатқан ер адамды байқағанын айтты. Ол адам полицияға бұл жылқы байланған қарапайым ақ арқан екенін, жануар жолдан өтіп бара жатып үркіп кеткенде оның тартылып қалғанын түсіндірген. Бірақ куәгер ол көрсеткен ақ түсті арқаннан ешқандай қан ізін байқамағанын алға тартты. 

Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті аталған деректі растап отыр.

«Алдын ала мәлімет бойынша, тұрғын үйдің жанындағы бағанаға жылқы байланған арқанға соғылу салдарынан жасөспірім өлімге әкелетін жарақат алған. Көлікті басқарған қыз оқиға орнында қайтыс болды. Жолаушы медициналық мекемеге жатқызылды. Кәмелетке толмаған қыздың абайсызда өліміне әкеп соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деді тергеу басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Ғазиз Нұралин.

Ведомство өкілдері жануардың иесі анықталып, полиция бөліміне жеткізілгенін мәлімдеді. Тәртіп сақшылары балалардың көлік құралдарын басқаруына қатаң тыйым салынғанын еске салды.

Әзірге кедергіні кім және қандай жағдайда тартқаны, сондай-ақ полиция көлігінің жасөспірімдер соңынан неге еріп жүргені тергеу барысында анықталатын болады. Ал қала тұрғындары қайғылы оқиға болған жерге гүлдер мен ойыншықтар әкеліп жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий