Роза Әлқожа: Жігіт таңдап жүруге уақытым болған жоқ
Белгілі әнші Роза Әлқожа өзінің өмірлік жолы, отбасылық өмірі мен өнерге келген алғашқы қадамдары туралы сыр бөлісті. Өнер иесі жастық шағындағы қиындықтар мен басынан өткерген сындарлы кезеңдерін ашық баяндады. Ол баспанасыздық, тұрмыстық тауқымет және кәсіби жолдағы кедергілерді қалай жеңіп шыққанын айтып берді. Сондай-ақ әнші өзінің болмысы мен мінез-құлқындағы ерекшеліктерге кеңінен тоқталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Әнші бұл туралы "Кездесу" бағдарламасында айтты.
«Сахнаға дейінгі ең ауыр кезең болғанда, мен басқалар сияқты қыз болып жүрген жоқпын. Мысалы, шашты сілкіп тастап, жігіттерді таңдауға уақытым болған жоқ. Мен «Айдын» деген жігітімді көрдім. Сол жігітке 18 жасымда кезігіп, 19 жасымда тұрмысқа шықтым. Өзім де қалай болып кеткенін білмей қалдым. Қазір қарасам, Аллаға шүкір, Бейбарыс пен Ақботадай балаларымның көретін жарығы. Алла тағала маған қандай керемет балалар берді. Сондықтан жастық шағыма өкінгім келмейді. Бірақ ішімде «жүрмеген" қыз бар, сол бір сезім қалып кеткендей болады. (...). Мұқасан ағамыздың келіншегі Индира жеңгемізбен тойда отырған едік. Негізі мен өмірде ашықпын, әзілдеп, ашық сөйлеймін. Сөйтіп сөйлесіп отырсам, Индира жеңгеміз маған қарап отырып: «Роза, мен сізге таңғалып отырмын. Әбдіжаппардың сұсты әпкесі деп ойлап жүрсем, сіз мүлде басқаша екенсіз. Қасыңызға адам жолай алмайтындай көрінеді» деді. Өзім де білмеймін, мінезім түрлі-түрлі. Бір жерде тіпті қатты кетуім мүмкін. Ол адамның қанында болады, кейде өзің де байқамай қаласың. Сондықтан мен нәзікпін, қайсармын, мінездімін, рухтымын, кейде әлсізбін. Әртүрлімін. Өзімді осылай қабылдадым», — деді Роза Әлқожа.
Отбасын құрғаннан кейін жас шаңырақтың алдында үлкен тұрмыстық сынақтар пайда болады. Өз баспанасының болмауы күнделікті тіршілікті ауырлата түседі. Жұмыс пен отбасын қатар алып жүру жас анаға оңайға соққан жоқ. Тосыннан келген қиындықтарға қарамастан, олар өз күштерімен баспаналы болуға ұмтылды.
"Тұрмысқа шықсам, ән айтып жүремін деп ойладым. Себебі күйеуім маған: «Сен әніңмен әдемісің, әйтпесе көп қыздың бірі болар едің» дейтін. Сөйтсем, Бейбарыс дүниеге келді. Одан кейін «Ақжол Қазақстан» газетіне жұмысқа тұр деді. Мен жұмыс істеймін деп ойламаған едім. Басқаша қиялдап жүргенмін. Күйеуім: «Жоқ, сен жұмыс істе, екеуміз бірге жұмыс істеуіміз керек» деді. Жұмысқа шықсам, тағы да жүкті болып қалдым. Одан кейін екінші қызым дүниеге келді. Өзіміздің басымызда баспанамыз жоқ еді. Біреудің уақытша пәтерінде тұрдық. Ішінде су да, шомылатын жер де жоқ болды. Атың дардай журналиссің, бірақ сондай жерде тұрасың. Тян-Шанский көшесінде тұрдық. Баспана қожайындары жақсы адамдар болды. Мені «жаным» деп жақсы көретін. Бірақ екі баламен қиын болды. Қазір қызыма қарасам, 22 жаста екі баласы болды деген масқара ғой. Өзіңді өзің алып жүре алмайтын жастасың. Қазір маған бала болып көрінеді. Бір баладан соң бір баланы ұстап алып, пәтерде қалай жүргенмін деп ойлаймын. Сол кездер қиын болды. Себебі жұмысқа барасың, келесің, ешкім саған тамақ жасап қоймайды. Балаға қарайтын адам жоқ. Содан кейін макаронды қуырып жеп, жата қаласың. Сөйтіп жүріп, жерге ақша жинадық. Одан кейін жер алдық. Бұл ұзақ уақытқа созылды. Үйді де 10 жыл салдық. 10 жылдан кейін үстіне мансарда салып бітірдік. Бәріне өзіңнің күшіңмен жету деген сондай. Саған ешкім ештеңе берген жоқ. Сол жылдары күзеліс өте көп болды", — деді Роза Әлқожа.
Өмірдегі өзгерістер мен жұмыстағы қиындықтар кейде жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қызметтен кету өнер иесінің шығармашылық жолға түсуіне басты себепші болды. Радиодағы жұмыс пен алғашқы гастрольдік сапарлар оның өнердегі бағын ашты. Гастрольдік турлар әншіге үлкен сенімділік сыйлап, кәсіби тұрғыда шыңдады.
"Күйеуімнің жұмыссыз қалған кездері де болды. Мен екеуміз бір газетте жұмыс істеп жүргенде, ол бас редактор болды. Екеуміз бірге жұмыс істемейік деп, мен жұмыстан шығып кеттім. Ол кезде 400 доллар деген өте үлкен ақша еді. Жұмыстан шығып кетіп, не істейтінімді білмей жүргенде өнерге бет бұрдым. Ақбота Керімбекова: "Екеуінің басын ұстамай-ақ қойшы. Өнер ма, өнерді таңда" деді. Содан кейін радиоға жұмысқа орналастым. Жанболат пен Жазираның гастроліне жүргізуші болып бардым. Әрі жүргізушімін, әрі ән айтамын. Аралда 10 күн бойы гастрольде жүрдім. Өнердегі сапарым осылай басталды. Сол сапар маған сенімділік берді, концерт ұйымдастыруға болатынын түсіндім. Жайдан-жай ештеңе болмайды. Сөйтіп жүргенде «Жанарыс» деген ұлымды көтердім. Өзім де байқамай қалдым, гастрольден келсем, аяғым ауыр екен. Содан кейін іштегі баламен радиода жұмыс істеп жүрдім», — деді Роза Әлқожа.
Соңғы жаңалықтар