«Саған ешкім ештеңе айта алмайды»: Назым Қызайбай не үшін күміс медаль алып қалғанын түсіндірді

Қазақстандық боксшы Назым Қызайбай Ливерпульде өткен әлем чемпионатында күміс медальға ие болды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Әйелдер арасында 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өткен ақтық сында Қызайбай Үндістан өкілі Минакшиге төрешілердің бөлек шешімімен есе жіберген болатын.
Әлеуметтік желіде Назым өзін қолдаған жандарға шексіз алғысын білдірді.
«Баршаңызға сәлем, құрметті оқырмандарым! Барлық құттықтап жатқан жандарға алғыс білдіремін. Біз қолымыздан келгенін аямадық. Өздеріңіз жекпе-жекті көрген шығарсыздар. Әлем чемпионатында екі қолам, үш алтыным бар еді, енді күміс жеңіп алдым. Осы жылы үлкен жарыстар көп болды, салмақ қуу қиындау болды. Әр жарысқа формада келуге тырыстық. Не болса да, осы жылға жақсы нәтиже бердім деп ойлаймын. Бұнымен тоқтамаймыз, алда да еңбек етеміз», – деді атақты боксшы.
Жанкүйерлер Назымға еш ренжімейтінін жеткізіп, керісінше қолдау сөздерін жазды.
«Саған ешкім ештеңе айта алмайды ғой», «Алтын қыз, біз үшін алтын алдың», – деп жауап берді олар.
Назымды қолдаушылар соншалық көп болған, оның видеосының астына бес мыңнан астам пікір жазылған.
Соңғы жаңалықтар





