«Салмағым үшін өнерден қумаңыздар»: Рамазан Амантай дене бітімін сынағандарға жауап берді
Актер әрі режиссер Рамазан Амантай әлеуметтік желіде арнайы жазба жариялап, сыртқы келбеті мен салмағын сөз ететіндерге үн қатты, деп хабарлайды Politico.kz.
Өнер иесі осы уақытқа дейін 12 кино түсіріп, 600 ән жазғанын, туындылары касса жинамаған сәттерде де сүйікті ісінен ешқашан бас тартпағанын жеткізді. Ол салмағы мен денсаулығы өзін де алаңдататынын, алайда қазақ тілінде сапалы өнер жасауды басты мақсат санайтынын атап өтті.
"Қазақтың өзіне тән әзілі, өзіне тән сөзі, өзіне тән әні мен өнері болуы керек деп ойлаймын. Жақсы шықса да, қате кетсе де – мен осы тіліміздің дамуына өз еңбегімді қосып жүргенімді сезінемін. Не айтсаңыздар да, мен сіздерді жақсы көремін. Себебі менің көрерменім де, тыңдарманым да – өздеріңіз. Менің басқа аудиториям жоқ", – деді режиссер.
Сондай-ақ Амантай шығармашылықта қателіктердің де болатынын мойындай отырып, жұртшылықтан жеке басының кемшілігіне емес, еткен еңбегіне баға беруді сұрады.
"Салмағым үшін мені өнерден қумаңыздар. Менің денем емес, еңбегім мен өнерім бағаланса екен", – деп түйіндеді сөзін Рамазан Амантай.
Соңғы жаңалықтар