Санжар Боқаевқа қатысты соттың басталатын күні белгілі болды

15.09.2026 17:09 Әсел МҰРАТ
Санжар Боқаевқа қатысты соттың басталатын күні белгілі болды
81
Фото: ашық дереккөз

Қоғам белсендісі әрі блогер Санжар Боқаевтың ісі бойынша алғашқы сот отырысы 28 қыркүйекте өтеді. Бұл туралы оның адвокаты Радмир Өтепов мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Сот отырысы сағат 09:30-да Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында басталады.

Процесс ашық түрде өтеді. Яғни сот отырысына журналистер мен өзге де қызығушылық танытқан азаматтар қатыса алады.

Белсенді биыл 3 наурызда Америкадан елге оралған бойда ұсталып, алғашында екі айға қамалған еді. Оның қамаудағы уақыты үш рет ұзартылды.

Қазіргі таңда Боқаев аса ірі мөлшерде қаражат жымқырды, көрінеу жалған ақпарат таратты және ағаштарды заңсыз кесті деген бірнеше бап бойынша күдікке ілінген болуы мүмкін. 

Соңғы жылдары Санжар Боқаев мемлекеттік қызметшілердің жұмысы, бюджет қаражатының жұмсалуы, кәдеге жарату алымы және Алматыдағы даулы құрылыс мәселелері туралы видеоларымен танылған.

Ол биыл ақпанда АҚШ-тан видеоүндеу жасап, Америкада бизнес ашқанын айтқан. Сондай-ақ «нәтижесіз қоғамдық-саяси қызметтен» шаршағанын және Қазақстанға қайтуды жоспарламайтынын мәлімдеген. Кейін елге оралған Боқаев наурыз айында ұсталды.

Іс сотқа жолданбай тұрып-ақ белсендінің жақтастары болашақ сот процесін журналистер мен қоғам өкілдері үшін жабық өткізбеуді сұраған.

Войдите, чтобы оставить комментарий