Сауд Арабиясында биыл 340 адам өлім жазасына кесілді
Сауд Арабиясы өлім жазасын қолдану бойынша соңғы ондаған жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті. Бұл туралы Agence France-Presse (AFP) агенттігі жариялаған ресми деректерде айтылған, деп хабарлайды POLITICO.KZ
AFP мәліметінше, 2025 жылы корольдікте 340 адам өлім жазасына кесілген. Соның ішінде соңғы үш үкім 15 желтоқсан күні орындалғанын ел билігі растаған.
Осылайша, Сауд Арабиясы екінші жыл қатарынан өз рекордын жаңартып отыр. Құқық қорғау ұйымдары өлім жазасының статистикасын жүйелі түрде тіркей бастаған 1990-жылдардан бері мұндай жоғары көрсеткіш алғаш рет тіркеліп отыр.
Салыстыру үшін айта кетсек, 2024 жылы Сауд Арабиясында 338 адам өлім жазасына кесілген. Бұл көрсеткіштің биыл тағы да артуы халықаралық құқық қорғау қауымдастығының алаңдаушылығын күшейтіп отыр.
Сауд Арабиясында өлім жазасы әдетте терроризм, кісі өлтіру, есірткі қылмыстары және мемлекет қауіпсіздігіне қарсы әрекеттер үшін қолданылады. Алайда құқық қорғау ұйымдары ел билігін үкім шығару процестерінің ашық еместігіне, әділ сот талқылауына қатысты сұрақтарға және өлім жазасын кең көлемде қолдануына байланысты жиі сынға алады.
Халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Сауд Арабиясын өлім жазасын қолдануға мораторий енгізуге және қылмыстық жазалау жүйесін гуманизациялауға шақырып келеді. Дегенмен, ресми Эр-Рияд бұл саясатты елдің ішкі қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті сақтау қажеттілігімен түсіндіреді.
Соңғы жаңалықтар