Саясаттанушы елдегі басты саяси өзгерістерді атады
Бүгін, 2026 жылдың 1 шілдесінде, Қазақстан тарихында жаңа дәуір басталды. Жалпыхалықтық референдумда қолдау тапқан жаңа Конституция ресми түрде күшіне еніп, мемлекет пен қоғамның өзара қарым-қатынасын түбегейлі өзгертетін саяси шынайылық орнады, деп хабарлайды Politico.kz.
Саясаттанушы Индира Рыстина бұл өзгерістердің ел болашағы үшін қаншалықты маңызды екенін және алдағы уақытта қандай нақты қадамдар жасалатынын жан-жақты түсіндіріп берді.
Бұдан былай Конституция күні 15 наурызда мерекеленеді. Ал 1 шілде – Ата Заң талаптарының іс жүзінде орындала бастаған тарихи сәті. Сарапшының айтуынша, бұл қоғамдық келісімнің ең жоғарғы нысаны.
«2026 жылғы 1 шілде Қазақстанның жаңа саяси даму кезеңінің басталған күні ретінде тарихта қалатыны анық. Бүгін жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция ресми түрде күшіне енді. Осы сәттен бастап еліміз жаңа конституциялық модель жағдайында өмір сүре бастайды», — дейді Индира Рыстина.
Айта кету керек, референдумнан кейін елде ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді. Жаңа саяси шынайылыққа өтудің құқықтық негізі жасалды.
«Конституция бұл қоғамдық келісімнің ең жоғарғы нысаны. Ал Конституцияның күшіне енуі жаңа саяси шынайылыққа өтудің институционалдық негізін қалыптастырады. Референдум өткеннен кейін ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді. Конституциялық заңдар қабылданды, мемлекеттік басқарудың жаңа архитектурасын қамтамасыз ететін құқықтық база қалыптастырылды, жаңа институттардың жұмыс тәртібі айқындалды. Осылайша бірнеше ай ішінде реформалардың институционалдық іргетасы толық қаланды», — деп толықтырды сарапшы.
Ендігі басты міндет қалыптасқан жаңа модельдің мінсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Индира Рыстина бұл кезеңнің басты ерекшеліктеріне тоқтала келе, мемлекеттік институттардың тиімділігіне назар аударды.
«Конституциялық реформалардың келесі кезеңі өзінің мазмұны жағынан алдыңғы кезеңдерден ерекшеленеді. Осы уақытқа дейін басты назар жаңа саяси модельдің құқықтық негіздерін қалыптастыруға аударылды. Бүгіннен бастап негізгі міндет сол модельдің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз етуге көшеді. Сондықтан алдағы кезең мемлекеттік институттардың тиімділігімен, саяси партиялардың жауапкершілігімен және азаматтардың саяси белсенділігімен сипатталады», — дейді сарапшы.
Елімізде соңғы алты жыл ішінде саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған жүйелі өзгерістер орын алғаны белгілі. Азаматтық қоғам институттары нығайып, партияларды тіркеу шарттары жеңілдетілді.
«Соңғы алты жылда елімізде саяси жүйені кезең-кезеңімен жаңғыртуға бағытталған ауқымды заңнамалық өзгерістер жүзеге асырылды. Азаматтық қоғам институттары нығайтылды. Бейбіт жиналыстар, қоғамдық бақылау, петициялар институты, сайлау жүйесі және саяси партиялар туралы заңнама жаңартылды. Партияларды тіркеуге қойылатын талаптардың жеңілдетілуі жаңа саяси күштердің қалыптасуына жол ашты», — деді саясаттанушы.
Жаңа Ата Заң аясында саяси партиялардың рөлі түбегейлі өзгереді. Құрылтай депутаттарының толықтай партиялық тізіммен сайлануы – бұған үлкен дәлел.
«Бүгінде осы өзгерістердің барлығы жаңа Конституция аясында біртұтас саяси модельге біріктіріліп отыр. Соның ішінде саяси партиялардың орны түбегейлі өзгеруде. Құрылтай депутаттарының толықтай партиялық тізімдер арқылы сайлануы партиялардың мәртебесін жаңа деңгейге көтереді. Олар қоғамдық қолдауға ие болумен қатар, мемлекеттік саясаттың сапасына және елдің стратегиялық дамуына тікелей жауапты институттарға айналады», — деді ол.
Сарапшының сөзінше, соңғы апталардағы саяси кеңістіктегі қайта топтасулар мен басшылық құрамның жаңаруы – алдағы электоралдық кезеңге дайындықтың айқын көрінісі.
«Соңғы апталарда байқалып отырған партиялық кеңістіктегі өзгерістер де осы үдерістің заңды жалғасы. Басшылық құрамының жаңаруы, саяси күштердің қайта топтасуы, жаңа стратегиялық бағыттардың қалыптасуы алдағы электоралдық кезеңге дайындықпен қатар, жаңа конституциялық талаптарға бейімделудің де көрінісі. Күні кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысының «AMANAT» пен «Әділет» партияларының реформаларды іске асырудағы рөлін арнайы атап өтуі де ерекше назар аудартады. Бұл жаңа саяси модель жағдайында партиялардың жауапкершілігі бұрынғыдан әлдеқайда жоғары болатынын білдіретін маңызды саяси сигнал», — дейді Индира Рыстина.
Ең бастысы, бұл реформалар тек мемлекеттік аппаратқа ғана емес, әрбір азаматқа тікелей қатысты. Алдағы сайлау осы саяси белсенділіктің көрсеткіші болмақ.
«Конституциялық реформалардың басты ерекшелігі жаңа институттарды қалыптастырумен ғана өлшенбейді. Ең маңызды өзгеріс мемлекет пен қоғамның өзара жауапкершілігіне негізделген жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуында. Жаңа Конституция азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге ықпал ету мүмкіндігін кеңейтті. Соған сәйкес әрбір саяси таңдау мен азаматтық ұстанымның салмағы да арта түседі. Ал 23-тамыз күні өтетін Құрылтай сайлауы осы өзгерістердің алғашқы ірі сынағына айналады», — деді сарапшы.
Еске сала кетейік, бүгін, 2026 жылдың 1 шілдесінде, жаңа Конституция ресми түрде өз күшіне еніп, толыққанды жұмысын бастады.
Соңғы жаңалықтар