Семейде жаңа жылдық шырша жанжалынан кейін білім бөлімі басшысы қызметінен босатылды
Семей қаласының білім бөлімі басшысы мұғалімдердің жаңа жылдық шыршаны безендіруге қатысуынан кейінгі жанжалға байланысты қызметінен босатылды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Оқиға 21 желтоқсан күні таңғы сағат 11:00-де орын алған. № 49 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қуат Айтқалиев жаңа жылдық шыршаны безендіру кезінде 4-5 метр биіктіктен құлап, түрлі жарақат алған. Ол шұғыл түрде жансақтау бөліміне жеткізілді.
Министр Ғани Бейсембаев бұл оқиға туралы ақпаратты әлеуметтік желіде жариялағаннан кейін, жағдай қоғамда үлкен резонанс туғызды. Министрдің айтуынша, бұл заңға қайшы әрекет, себебі «Педагог мәртебесі туралы» заң бойынша мұғалімдерді кәсіби міндетіне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға тыйым салынған.
Депутат Асхат Аймағамбетов та бұл жағдайға қатысты өз наразылығын білдіріп, мұндай әрекеттердің ескірген тәжірибе екенін және оны қатаң тоқтату қажеттігін айтты.
Қызметтік тексеріс нәтижесінде, № 49, № 40 және № 19 мектептердің әрқайсысынан үш мұғалім шыршаны безендіруге заңсыз тартылғаны анықталды. Бұл мектептердің директорларына қатаң сөгіс жарияланды. Ал білім бөлімі басшысы Біржан Бұлабаев қызметінен босатылды.
Қазіргі уақытта жарақат алған Қуат Айтқалиевтің жағдайы тұрақты. Ол жансақтау бөлімінен нейрохирургия бөліміне ауыстырылды.