"Шалқып өмір сүрген жоқпыз": баласының еміне деп 1,3 млрд теңге жинаған әйел сотта сөз сөйледі
Астанадағы Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты ерлі-зайыпты Даулет және Толқын Тотақановтарға қатысты қылмыстық істі қарауды жалғастырып жатыр,деп хабарлайды Politico.kz
Олар ұлдарының ДЦП дертіне байланысты еміне қаражат жинау кезінде алаяқтық жасады және ақшаны заңдастырды деген айыппен сот алдында жауап беруде.
«Балам толықтай бізге тәуелді»
Соттағы жарыссөз барысында айыпталушы Толқын Тотақанова баласының ауыр жағдайын егжей-тегжейлі баяндады. Оның айтуынша, ұлы жүре алмайды, еңбектемейді, сөйлемейді және ата-анасының толық күтіміне мұқтаж.
«Бұл жылдар бойы үздіксіз операциялар, түнгі құрысулар, тоқтаусыз оңалту, түрлі клиникаларға бару, ұйқысыз түндер болды. Қазақстандағы дәрігерлер көмектесе алмайтынын айтқан соң, біз емді шетелде – Түркия, Ресей, Өзбекстан, Әзербайжанда жалғастырдық», – деді ол.
Толқын Тотақанованың сөзінше, әлеуметтік желі арқылы жарияланған барлық ақпарат шынайы болған.
«Адамдар баламыздың жағдайын көріп, өз еркімен көмектесті. Біз бәрін Instagram арқылы ашық бөлісіп отырдық. Мұны қолдан жасау мүмкін емес еді – баланың жағдайы ауыр болатын, біз күн сайын еммен айналыстық», – деді айыпталушы.
Қарыз қыспағы мен қысым
Сотта Толқын Тотақанова өзін қарыздық тәуелділікке түскенін айтты. Оның мәлімдеуінше, алған барлық қарызы тек баласының емі үшін жұмсалған.
«Алғашында бұл көмек сияқты көрінді, кейін өсім, одан соң қорқыту, қысым, тіпті өлтіреміз деген қоқан-лоққыға ұласты. Мен отбасым үшін үнемі қорқынышта өмір сүрдім», – деді ол.
Айыпталушының айтуынша, соңғы бес жылда өсімқорлар одан 700 миллион теңгеден астам қаржыны алған. Сондай-ақ олар қайырымдылыққа жиналған қаражаттан да хабардар болып, шоттарды бақылауда ұстағанын мәлімдеді.
«Олар менің банктік карталарымды алып, ақшаны өздері шешіп отырған. Алдап, “адвокат тауып, істі шешеміз” деп тағы 45 миллион теңгені алып қойды», – деді Толқын.
Ол күйеуінің бұл қиындықтардан бейхабар болғанын да атап өтті.
«Сән-салтанатты өмір сүрген жоқпын»
Сотта Толқын Тотақанова өзін Перизат Қайратпен салыстыруды негізсіз деп атады. Оның айтуынша, айыптауда көрсетілген байлық шындыққа жанаспайды.
«Мен ешқашан сән-салтанатта өмір сүрген емеспін. Бізде бір ғана екі бөлмелі пәтер бар, ол да банкте кепілде. Тергеу бізде үш пәтер, бес көлік бар дейді. Олар қайда? Неге сотқа көрсетпеді, неге тәркілемеді? Себебі ондай мүлік жоқ», – деді ол.
Айыпталушы іс материалдарында көрсетілген мүліктің барлығы несиеге алынып, кейін қайта сатылғанын, бұл күйеуінің қосымша табыс көзі болғанын айтты.
«Бұл деректердің бәрі құжат жүзінде дәлелденген», – деп түйіндеді Толқын Тотақанова.
Сот процесі жалғасуда. Үкім кейінірек жарияланады.
Соңғы жаңалықтар