Шавкат Рахмонов UFC-ден кете ме? Ресейлік блогердің мәлімдемесіне ресми жауап берілді

Dar Team Рахмоновтың UFC-ден кететіні туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Kazinform.
Ресейлік Telegram-арналарда қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновтың UFC ұйымынан кететіні туралы ақпарат тарады. Бұл қауесетке қатысты спортшының командасы пікір білдірді.
Әңгіменің барлығы ресейлік блогер Владимир Колос жүргізетін «Колос» атты Telegram-арнасынан басталды. Ол «Шавкат Рахмонов UFC-мен қош айтысады» деп жазба жариялаған. Блогердің айтуынша, ол қазір Лас-Вегаста 4 қазанда өтетін UFC 320 турнирін насихаттау үшін жүр, бірақ Рахмоновқа қатысты басқа ешқандай қосымша мәлімет бермеген.
Осыған байланысты Dar Team командасының өкілдері ресми жауап берді. Шавкаттың бапкері Эдуард Базров алғашында бұл ақпараттан хабарсыз екенін айтқан.
«Шынымды айтсам, мен ештеңе білмеймін, бізде бұл туралы ешқандай ақпарат жоқ», – деді Эдуард Базров.
Кейінірек Dar Team командасының жетекшісі Бауыржан Уталиев бұл ақпаратты толығымен жоққа шығарды.
«Шавкат күнде жаттығып жүр. Бұл – қауесет», – деді Уталиев.
Айта кетейік, жеңіліп көрмеген Шавкат Рахмонов соңғы рет UFC-де 2024 жылдың желтоқсан айында жекпе-жек өткізген болатын.
Соңғы жаңалықтар





