Шенеуніктердің табысы қашан және қалай жариялануы тиіс?

15.01.2026 19:03 Арман Ермеков Арман Ермеков
Шенеуніктердің табысы қашан және қалай жариялануы тиіс?
0
363
Фото: kp.ru

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі шенеуніктер мен олардың жұбайларының табыс декларациясын жариялау тәртібіне қатысты Politico.kz-тің ресми сауалына жауап берді

Агенттік кімдердің есеп беруге міндетті екенін және неліктен кейбір лауазымды тұлғалардың кірісі «0 теңге» деп көрсетілетінін түсіндірді.

Кімдер табысын жариялауға міндетті?

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 11-бабының 9-тармағына сәйкес, саяси және «А» корпусының мемлекеттік қызметшілері, Парламент депутаттары, судьялар, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және квазимемлекеттік сектор басшылары декларациясын ашық көрсетуге міндетті. Бұл талап олардың жұбайларына да жүктеледі. Мәліметтер есепті жылдан кейінгі жылдың 31 желтоқсанына дейін жариялануы тиіс.

Неге тек 2024 жылғы табыс көрсетілген?

Мәліметтерді жариялау міндеттемесі заң жүзінде 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Сол себепті жариялау үшін есепті кезең ретінде 2024 жыл алынған.

Неге кейбір басшылардың табысы жоқ?

Көпшілікті мазалаған басты сұрақ кейбір мемлекеттік органдардың табысы әлі жарияланбағанына немесе декларациялардағы кірістің «0 теңге» деп көрсетілуіне қатысты туындаған еді. Агенттік бұл жағдайды ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2025 жылғы 7 ақпандағы №26 бұйрығымен байланыстырады.

«Жариялауға салық салынатын және жеке тұлғаның өзі дербес көрсететін кірістер ғана жатады. Егер көрсетілуге тиіс кірістер болмаған жағдайда, мұндай мәліметтерді жариялау жүзеге асырылмайды», – деп түсіндірді агенттіктегілер.

Табыс көзі неге жасырын?

Миллион табыстың нақты қайдан келгені туралы ақпараттың жоқтығына Агенттік былай жауап берді.

«Кірістер мен мүлікті декларациялау тәртібі, жалпы салық саясатына қатысты мәселелер Қазақстан Республикасының Салық кодексімен реттеледі. Ал декларация нысандары мен оны тапсыру тәртібін мемлекеттік кірістер саласындағы уәкілетті орган бекітеді», – делінген жауапта.

Жауапкершілік кімде?

Декларацияларды орналастыру жұмысын мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, Парламент пен Жоғарғы Соттың персоналды басқару қызметтері өздерінің ресми интернет-ресурстарында жүзеге асырады. Бірақ ондағы сандардың дұрыстығы мен толықтығына кадр бөлімі емес, құжатты тапсырған шенеуніктің өзі жауапты.

Еске салсақ, дәл осы жаңа талаптың арқасында жақында бірқатар жоғары лауазымды тұлғалардың отбасылық бюджеті белгілі болған еді. Мәселен, «Қазақтелеком» басшысы Бағдат Мусин мен оның жарының, Алматы қаласының бұрынғы әкімі Ерболат Досаев пен оның миллиард теңге табыс тапқан зайыбының кірістері қоғамда қызу талқыланды. Сондай-ақ Үкімет мүшелері Серік Жұманғарин мен өзге де министрлік басшыларының отбасылық бюджеті жарияланған болатын.

 

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий