«Шешемді “шеше” деп атамадым»: Айнұр Тұрсынбаева ана мейіріміне зәру екенін ашық жазды
Белгілі коуч әрі психолог Айнұр Тұрсынбаева әлеуметтік желідегі парақшасында жүрекке әсер ететін жазба жариялап, оқырмандарын ойға қалдырды, деп хабарлайды Politico.kz
Жазбасында ол анасына деген ішкі сағынышын, мейірімге деген мұқтаждығын жасырмай жеткізді. Айнұр Тұрсынбаева туған анасын өмір бойы «шеше» деп атамағанын айтып, бұл жағдайдың өзіне тән себептері барын меңзеді.
— «Мені тоғыз ай, он күн көтеріп, тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібітіп дүниеге әкелген анам – осы кісі. Аты – Манат. Бірақ мен қазақы менталитетпен шешемді “шеше” деп атамаған адаммын. Әлі күнге дейін атымен айтамын. Соған қарамастан, іштей қатты жақсы көремін, жүрегім елжірейді, сағынамын, мейіріміне мұқтажбын», – деп жазды ол.
Айнұрдың айтуынша, Қарақат Әбілдина орындайтын «Аяулы анам» әні де дәл осы анасына арналып жазылған. Ал марқұм әжесінің оған деген махаббаты ерекше болғанын да еске алды.
Сонымен қатар коуч анасының туған күні екенін атап өтіп, шынайы тілегін білдірді.
— «Бүгін Алланың қалауымен анамыз 68 жасқа толып отыр. Ол кісі тек жақсылық көріп келеді. 11 немеренің сүйікті әжесі. Алла анамызға иман байлығын, ұзақ ғұмыр нәсіп етсін. Бірге қажылыққа баратын күн де алыс емес деп сенемін», – деді ол.
Жазбасының соңында Айнұр Тұрсынбаева ата-анамен қарым-қатынасы салқын жандарға ой тастап, ішкі жараны емдеудің жолы ретінде ретритті ұсынды.
Желі қолданушылары да әсерлі жазбаға үн қатып, анасына ақжарма тілектерін арнады. Оқырмандар:
«Анаңыз ғұмырлы болсын», «Мықты денсаулық тілейміз», «Анадан артық жан жоқ», «Жүз жасасын» деп пікір қалдырды.
Соңғы жаңалықтар