Шетелдің жұмыртқасы мен балапанына жыл сайын 178 млрд теңге жұмсап келеміз
Қазақстан жыл сайын шетелден шамамен 178 млрд теңгеге балапандар мен инкубациялық жұмыртқалар сатып алады. Бұл туралы «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі, Құрылтай депутаты Рабиға Тоқсеитова мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Депутат Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында сала өкілдерінің дерегін келтірді. Мұнда құс өсіруге қажетті материалдар туралы айтылып отыр, оларды сатып алуға жұмсалатын сома жыл сайын артып келеді.
Тоқсеитованың айтуынша, мемлекеттік қолдаудың арқасында құс еті мен жұмыртқа өндірісі өсіп, ішкі нарықтың үлкен бөлігін қамтамасыз етіп отыр. Құс шаруашылығы агроөнеркәсіп кешенінің технологиясы дамыған бағыттарының біріне айналып, елдің азық-түлік қауіпсіздігінде маңызды орын алған.
Алайда өндіріске қажетті негізгі генетикалық және асыл тұқымды материал әлі де шетелден сатып алынады. Соның салдарынан сала шетелдік генетикаға, жеткізушілерге, валюта бағамына, халықаралық тасымалға және ветеринариялық-санитариялық шектеулерге тәуелді.
Депутат дамыған елдер өнім шығарумен шектелмей, өз ғылымы мен селекциясына қаржы салатынын айтты. Оның пікірінше, Қазақстан да өз генетикасын, кросстарын және технологияларын дамытуы керек. Осы мақсатта «Ауыл» фракциясы Ұлттық құс шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығын құруды ұсынып отыр.
Фракция мұндай орталық импортқа тәуелділікті және шетел валютасымен жұмсалатын шығынды азайтуға мүмкіндік береді деп санайды. Сондай-ақ құстың өнімділігін арттырып, жем-шөп шығыны мен өнімнің өзіндік құнын төмендетуге, биологиялық қауіпсіздікті күшейтуге ықпал етпек. Орталық өз ғылыми мектебімізді қалыптастырып, жаңа буын мамандарын даярлауға және келешекте отандық асыл тұқымды материалды шетел нарығына шығаруға жол ашуы тиіс.
Депутаттар Үкіметтен орталық құру мәселесін қарастырып, оған жауапты мемлекеттік органды белгілеуді сұрады. Сонымен бірге 2021–2026 жылдары импортталған негізгі асыл тұқымды материал мен инкубациялық жұмыртқалардың көлемі және құны туралы мәлімет беруді ұсынды.
Сауалда соңғы 5 жылда құс генетикасы мен селекциясын зерттеуге мемлекет қанша қаражат бөлгені де сұралған. Фракция осы кезеңде қандай ғылыми әзірлемелер нақты өндіріске енгізілгенін білгісі келеді. Бұған қоса, жыл сайынғы нақты көрсеткіштері бар, импорттық асыл тұқымды құс материалына тәуелділікті азайту бағдарламасын әзірлеуді ұсынды.
Кадр даярлау мәселесі де көтерілді. Депутаттар білікті технологтар, генетиктер, зооинженерлер, ветеринарлар және биофармацевтер даярлайтын жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдарды белгілеуді сұрады. Бұл мамандар заманауи басқару жүйелерімен, цифрлық платформалармен және роботтық жабдықтармен жұмыс істей алуы керек.
«Осыған байланысты Үкіметке алдағы бес жылға құс шаруашылығының отандық селекциялық-генетикалық базасын құру жөніндегі нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеп, қаржыландыру көздерін көрсете отырып, ұсынуды сұраймыз», – делінген сауалда.
Соңғы жаңалықтар