"Шетелге бала сатты": экс-депутат Сара Назарбаева жайлы шындықты айтты
Бұрынғы депутат әрі экс-шенеунік Бақыт Сыздықова әлеуметтік желідегі парақшасында Сара Алпысқызын 85 жылдық мерейтойымен құттықтап, онымен бірге жұмыс істеген жылдарын еске алды, деп хабарлайды Politico.kz.
Сыздықова өз жазбасында Сара Алпысқызын ұстазы санайтынын айтып, алты жыл бойы қасында қызмет атқарғанын жеткізді.
«Мен оны өзімнің ұстазым деп санаймын. Кезінде қасында алты жыл бірге жұмыс істедім. Сол кездері оның әр күн сайын Қазақстанның балаларына арнап қаншама игі істер жасағанын көрдім. Ешқандай пиарсыз, еш даурықпай қаншама жұмыстар атқарды», – деп жазды Бақыт Сыздықова.
Сонымен қатар ол соңғы жылдары айтылып жүрген «балаларды шетелге сатты» деген айыптауларға тоқталып, бұл пікірлермен келіспейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, бала асырап алу мәселесіне «Бөбек» қорының қатысы болмаған, себебі заң бойынша мұндай шешімдерді тиісті мемлекеттік органдар қабылдайды.
«Мысалы, егер бала асырап алуға қатысты болса, онда “Бөбек” қорының мұндай мәселеге еш қатысы болмады. Заң бойынша бала асырап алуды әкімдік, білім департаменттері шешеді. Ал шетелдіктің бала асырап алуына Сыртқы істер министрлігі, Үкімет, сот тікелей араласады», – деді ол.
Сыздықова қоғамда заң мен тәртіпті нақты білмей тұрып пікір білдіретіндерге қынжылыс танытқан. Оның сөзінше, «Бөбек» қоры көптеген қайырымдылық жобаларды жүзеге асырып, мыңдаған баланың өміріне оң өзгеріс әкелген.
Сондай-ақ ол Сара Алпысқызының еңбекқорлығы, темірдей тәртібі мен қарапайымдылығын ерекше атап өтті. Жазба соңында мерейтой иесіне ізгі тілегін арнап, оның жағдайы жақсы екенін және аман екенін жеткізді.
Соңғы жаңалықтар