ШҚО әкімдігінде жемқорлық үшін сотталған Жақсылық Омардың орны неге бос тұр?

29.04.2026 11:19 Әсел Мұрат
ШҚО әкімдігінде жемқорлық үшін сотталған Жақсылық Омардың орны неге бос тұр?
166
Фото: ашық дереккөз

Сыбайлас жемқорлық үшін алты жылға сотталған Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Жақсылық Омар үкімге шағым түсірген. Ал әкімдікте әлі күнге дейін оның орынбасары тағайындалмады, деп хабарлайды Politico.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Жақсылық Омардың орнына кім келді?

Редакция ШҚО әкімі аппаратына хабарласып, айыптау үкімінен кейін өңір әкімінің бірінші орынбасары кім болғанын білді. Ведомстводағылар әкімнің бірінші орынбасары лауазымы әлі де бос емес екенін түсіндірді.

«Бұл позицияның біржола босатылғанын растайтын заңды күшіне енген сот актісі болмағандықтан, жаңа тұлғаны тағайындау үшін құқықтық негіздер жоқ», – деп хабарлады әкімдік.

Әкімшілік өкілдері жаңа тағайындау мәселесі «барлық қажетті заңды процедура» аяқталғаннан кейін ғана қаралатынын айтты.

Қазір Омардың міндеттерін басқа қызметкерлер атқарып жатыр. Әкім аппараты оның қарамағындағы мәселелер мен бағыттарды облыс әкімінің орынбасарлары – Бақытжан Байахметов, Дархан Сапанов және Ербол Нұрғалиевтің арасында бөліп берген.

«Жақын арада кадрлық ауыс-түйістер туралы арнайы шешімдер қабылдау жоспарда жоқ», – делінген әкімдіктің жауабында.

Бұдан бөлек, билік өкілдері Жақсылық Омарға қатысты қызметтік тексеріс жүргізілмегенін нақтылады. Әкімдік мұны «қаралып жатқан жағдайлардың қылмыстық сот ісін жүргізу нысанасы» екендігімен түсіндіреді.

Жақсылық Омарға қандай айып тағылды?

Айта кетейік, Жақсылық Омар Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 1, 2-тармақтары (ірі мөлшердегі алаяқтық), 366-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (ірі мөлшерде пара алу) бойынша кінәлі деп танылған болатын. Оған 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ оның мүлкі, яғни Toyota Camry автокөлігі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Кейін Жақсылық Омардың рақымшылыққа ілінбейтіні хабарланды. Себебі қолданыстағы қылмыстық заңнама талаптарына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталған тұлғаларға рақымшылық актілері мен шартты түрде мерзімінен бұрын босату нормалары қолданылмайды. 

Сот кабинетінің мәліметтеріне сәйкес, Жақсылық Омар үкімге апелляциялық шағым түсіріп үлгерген.

Облыстық соттың баспасөз қызметі отырыстың күні әлі белгіленбегенін хабарлады.

Саяси қайраткер Бекболат Тілеуханның жиен күйеу баласы болып келетін Жақсылық Омар 1980 жылы 28 қыркүйекте Талдықорған облысы Алакөл ауданындағы Үшарал ауылында туған. Ол 2018-2024 жылдары Өскемен қаласын басқарып, кейін облыс әкімінің кеңесшісі қызметін атқарған. Ал 2025 жылдың 7 сәуірінен бастап Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалған болатын.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий