ШҚО-да сотталып кеткен Жақсылық Омардың орнына кім тағайындалғаны белгілі болды

22.07.2026 16:47 Әсел МҰРАТ
ШҚО-да сотталып кеткен Жақсылық Омардың орнына кім тағайындалғаны белгілі болды
173
Фото: gov.kz

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болып Дархан Сапанов тағайындалды, деп хабарлайды Politico.kz.

Сапанов биыл көктемде алаяқтық және пара алу ісі бойынша сотталған Жақсылық Омардың орнына келді. 

Еске сала кетейік, биыл ақпан айында әлеуметтік желілерде Жақсылық Омардың ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Кейін ҰҚК Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасарына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын растады.

Оған аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау және ірі көлемде пара алу айыптары тағылды.

Сотта екі эпизодтан тұратын қылмыстық істің мән-жайы жария етілді. Жақсылық Омар сотта өз кінәсін толық мойындап, өзіне айыппұл тағайындауды сұраған. Алайда сот оны алты жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Кейін ол апелляциялық шағым түсіргенімен, бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгеріссіз қалдырылды.

Жақсылық Омар 2025 жылдың сәуір айында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған. Оған дейін алты жыл бойы Өскемен қаласының әкімі болды.

Саяси қайраткер Бекболат Тілеуханның жиен күйеу баласы болып келетін Жақсылық Омар 1980 жылы 28 қыркүйекте Талдықорған облысы Алакөл ауданындағы Үшарал ауылында туған. 

Биыл ақпанда Омардың ұсталғаны туралы ақпарат пайда болғаннан кейін және сот процесі аяқталғанға дейін облыс әкімінің бірінші орынбасары міндеттері өңір басшысының қазіргі орынбасарлары арасында уақытша бөлінген болатын.

ШҚО әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты үкім күшіне енгеннен кейін өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов отставкаға өтініш берген болатын. Алайда оның іске қатысы жоқ болғандықтан, өтініші қанағаттандырылмады. 

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің жаңа бірінші орынбасары туралы не белгілі?

Дархан Сапанов 1985 жылы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында дүниеге келген.

2007 жылы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін "Өнеркәсіптік жылу энергетикасы" мамандығы бойынша тәмамдаған. 2009 жылы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде "Менеджмент" мамандығын игерген. 2022 жылы Ресей Федерациясы президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясында "Іскерлік әкімшілендіру докторы" (DBA) бағдарламасын аяқтаған.

Еңбек жолын 2007 жылы бастаған. Әр жылдары Шығыс Қазақстан облысы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаменті инспекциялау бөлімінің бас маманы, "Астанаэнергосбыт" ЖШС-ның халықпен жұмыс істеу департаментінің инженері, Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі Электр энергетикасы және көмір өнеркәсібін дамыту департаментінің сарапшысы қызметтерін атқарған.

2009-2020 жылдары премьер-министрі кеңсесінде әртүрлі лауазымда еңбек етті. 

2020-2023 жылдары Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болды.

2023 жылдың ақпанынан бастап Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді.

Войдите, чтобы оставить комментарий