Шымкентте белгілі бапкердің ұлын қинап өлтiрген 6 адам сотталып жатыр

25.08.2026 11:33 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Шымкентте белгілі бапкердің ұлын қинап өлтiрген 6 адам сотталып жатыр
233
Фото-коллаж: politico.kz/ЖИ

Шымкентте белгілі күрес бапкерінің ұлы 40 жастағы Василий Колесниковті ұрлап, азаптап өлтірді деген алты адамның соты басталды, деп хабарлайды Politico.kz порталы Информбюро 31 телебағдарламасына сілтемемен.

Айыпталушыларға бұзақылық жасау, адам өлтіру және адам ұрлау баптары бойынша айып тағылған. Олардың барлығы бұрын сотты болған. Күдіктілер сот процесінде бет-әлпетін көрсетуден бас тартты.

Тергеу мәліметіне сүйенсек, оқиға қаңтар айында қаланың қақ ортасында тал түсте болған. Қаруланған топ алғашында марқұмның досымен араздасқан екен. Оны таба алмаған соң өштерін Василийден алуды ұйғарған.

Қылмыскерлер алдымен жол апатын қолдан ұйымдастырған. Артынша бетперде киген топ Василий мен оның екі досына тап берген. Бір жәбірленуші қашып құтылды. Тағы біреуі ауыр жарақатпен ауруханаға түсті.

Бұдан кейін шабуылдаушылар бұрынғы спортшы Василий Колесниковті көлікке күштеп отырғызып алып кеткен. Оны Шымкент маңындағы Қайнар ауылына апарып, ұзақ уақыт қинаған. Сараптама қорытындысы марқұмның денесінде сау сүйек қалмағанын көрсетті. Түн ішінде оның мәйітін Темірлан елді мекеніндегі аурухана алдына тастап кеткен.

Бұл іс бойынша алғашқы сот отырысында мемлекеттік айыптаушы тың деректерді оқыды.

«Осы қылмысты жасау үшін күдіктілер өзімен бірге тергеумен анықталмаған пышақ және тапаншамен қару алып, қылмыстық әрекеттері әшкереленбес үшін бетпердемен жарақталып алған. Өздері мініп келген автокөліктен тез арада түсіп, араздық уәжі бойынша бұзақылық ниетпен аса қатыгездікпен адамды ұрлаумен ұштасқан алдын ала сөз байласқан адамдар тобына қасақана адамды өлтіру ниеттерін жүзеге асыруға кіріскен», – деді мемлекеттік айыптаушы Мұхтар Арыстанов.

Жәбірленуші тарап айыптыларға кешірім бермейтінін кесіп айтты. Марқұмның әкесі Александр Колесников те ешқайсына кешірім берген жоқ. Сонымен қатар қорғаушы тарап тағы екі күдіктінің әлі ұсталмағанын жеткізді.

«6 адам сотталушы өтіп жатыр. Аты жөнін естідіңіздер. Әрі қарай екі адам іздеуде жүр. Ол бойынша ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері іздеп жүр. Ұсталатын уақыты алыс емес. Ұсталады деп ойлаймын. Әкесі ешкімге кешірім беріп жатқан жоқ», – деді адвокат Талғат Есімов.

Войдите, чтобы оставить комментарий