Шымкентте көшеде екі адамды пышақтаған 4 адам ұсталды
Шымкент қаласында жол үстіндегі жанжал соңы адам өлімімен аяқталған қылмысқа қатысты төрт күдікті ұсталды. Бұл туралы қала полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Politico.kz
Полиция мәліметінше, жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде кісі өлтіру және бұзақылық дерегі бойынша күдікке ілінген төрт ер адам анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта қосымша жедел-іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Қайғылы оқиға 20 қаңтар күні болған. 40 жастағы қала тұрғыны алған пышақ жарақаттарынан көз жұмса, тағы бір азамат түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы («Адам өлтіру»), 293-бабы («Бұзақылық») және 125-бабы («Адам ұрлау») бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Полиция өкілдерінің айтуынша, күдіктілерді анықтау және ұстау үшін департаменттің барлық күш-құралдары жұмылдырылған. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу шаралары жүргізілуде.
Соңғы жаңалықтар