5 млн талап етуде: Шымкентте бойжеткен келін болып түсіп алып соңында полицияға арызданған

17.08.2026 11:56 Қарақат АСЫЛОВА
5 млн талап етуде: Шымкентте бойжеткен келін болып түсіп алып соңында полицияға арызданған
263
Фото: әлеуметтік желіден

Шымкентте қызды некеге тұруға мәжбүрлеу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, екі адам қамауға алынды. Алайда әлеуметтік желіде жәбірленуші бұл жағдайды өзі ұйымдастырғаны туралы ақпарат тарады. Ол арызын қайтарып алу үшін 5 млн теңге талап еткені айтылады, деп хабарлайды Politico.kz.

Желіде таралған мәліметке сүйенсек бұл оқиғаның басқа да қырлары бар. Түркістан қаласы, Созақ ауданының тумасы Аида пен Ұлытау облысы Қарсақбай кентінен шыққан Нұрсұлтан Жолдыбай 9 ай қыз бен жігіт болып жүрген. Биыл 13 шілдеде Нұрсұлтан Шымкентке барып, қызға сөз салған. Бұл іс-шараны қыздың өзі ұйымдастырған. Ал барлық шығынды жігіт төлегені айтылады.

Арада екі күн өткен соң бойжеткен Қарсақбай кентіне өз еркімен келін болып түскен. Ол 15 шілде күні артынан іздеп келгендерге жасы 19-ға толғанын айтқан. Сондықтан ол шешімді өзі қабылдағанын және оны ешкім күштемегенін жеткізген. Ол бұл сөздерін қолхат жазып, сондай-ақ видео арқылы да растаған. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлеріне де дәл осылай жауап берген.

Алайда келесі күні ата-анасы келгенде қыз райынан қайтып, олармен бірге кетіп қалған. Осыдан кейін ол жігіттің үстінен келісімсіз алып қашты деп арыз түсірген. Ал кешірім сұрап барған адамдардан арызды қайтарып алу үшін 5 млн теңге сұраған. Ақша беруден бас тартқан соң қыз тарапы түрлі айыптаулар таға бастаған. Олар жігіттің жолдасы мен қыздың құрбысының да үстінен арыз жазған.

Қазіргі уақытта Нұрсұлтан Жолдыбай мен оның досы қамауда отыр. Желідегі жазба авторы қыздың өз еркімен барғанын растайтын дәлелдер жеткілікті екенін алға тартады. Олар осыған қарамастан Шымкент қаласының полициясы істі біржақты қарап жатыр деп алаңдаушылық білдірді.

Осы оқиғаға қатысты Шымкент қалалық полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын растады.

«Қызды некеге тұруға мәжбүрлеу дерегі бойынша Шымкент қаласының полициясы қылмыстық іс қозғады. Алдын ала мәлімет бойынша, арызданушыны қаладағы демалыс орындарының бірінен еркінен тыс алып кетіп, некеге тұруға мәжбүрлеген. Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде екі күдіктінің жеке басы анықтады және уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», – деп мәлімдеді полициядан тілшімізге.

Войдите, чтобы оставить комментарий