Шымкентте танысудан бас тартқан қыздарға тиісіп, бірінің тісін сындырған ер адам іздестіріліп жатыр
Шымкенттегі дәмханалардың бірінде ер адам танысудан бас тартқан қыздарға жанжал шығарып, олардың біріне шыны ыдыс лақтырған, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиға салдарынан бойжеткен жарақат алып, медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр болған.
Оқиға туралы блогер Диана Болшынбаева Instagram парақшасында хабарлап, бейнебақылау камерасына түсіп қалған видеоны жариялады.
Оның айтуынша, дәмханада көрші үстелдерде екі компания отырған. Бірінде блогердің құрбылары болса, екіншісінде алты ер адам болған. Алдымен олар қыздарға танысуды ұсынған. Алайда бойжеткендер бұл ұсыныстан бас тартқан.
Бұдан кейін ер адамдар қыздардың ұлтын сұрап, сөзге келіспеушілік туындаған. Артынша жанжал өршіп, ер адамдардың бірі қыздарға қарай бар күшімен шыны ыдыс лақтырған. Видеодан ыдыстың бойжеткендердің біріне тигенін көруге болады.
Блогердің мәліметінше, зардап шеккен қыздың бір тісі сынып, ерні жарылған. Сондай-ақ қолы терең жарақаттанған. Оған ерні мен қолына тігіс салуға тура келген.
Диана Болшынбаеваның сөзінше, жанжалға қатысқан ер адамдар полиция келгенше оқиға орнынан кетіп қалған.
Шымкент қалалық полиция департаменті аталған жағдайға қатысты жақын арада түсініктеме беретінін мәлімдеген.
Соңғы жаңалықтар