Шымкентте ұлы анасын өлтіріп, өртеп жіберген: Көршілері болған оқиғаның мән-жайын айтты
Шымкентте 54 жастағы әйел жантүршігерлік жағдайда ажал құшты. Мүмкіндігі шектеулі әйелді өлтіріп, өртеп жіберді деген күдікпен өз ұлы қамауға алынды.
Оқиға 12 қаңтар күні күндізгі сағат 11:00 шамасында басталған дейді көршісі.
"Өткенде біраз көрінбей қалғанға біз күдіктендік. “Осы бәле мамасына бірбәле істеп қоймады ма деп?!” деп. Арғы жағындағы көршіден сұрадық. "Мамасы дәретханаға кіріп-шыға ма?" десек, "кіріп-шығып жүр" деді. Сөйтіп тұрғанда өлтіріп, өзі өртеп жіберген екен ғой. 12-сі күні азанда сағат 11-де өлтіріп, сөйтіп сол күні алып шығып, түнде жаққан екен ғой”, – дейді көршісі.
Сұмдықты бірінші болып марқұмның үлкен ұлы көрген. Жұмыстан келген ол қанға малынған үйді көріп, далаға қашып шығады. Сөйтіп, өзіне жұмыс беруші әйелдің үйіне барған. Қанға бөккен үйге келген екеу кіре алмай далада біраз жүргенін айтады. Көрші өзге әйелдерді ертіп ішке енген оларды күдікті пышақпен қуып шыққан дейді көршісі.
"Бұл әйел көп қорлық көрді негізі. Оған дейін шалы да (мінезі бар еді) бұл кісіні жерден алып, жерге салып… Ол кезде балалары кішкентай еді. Өлтірген баласы сау еді. Үлкен баласының ғана сәл-сәл ауытқуы бар еді. Ауытқу болғанымен ешкімге зияны жоқ ауытқу. Шал кеткен соң рахаттанып өмір сүретін шығар десек, рахаттанып өмір сүре алмады ғой. Баласы бұзық болып шықты да шешесіне тек қана зәбір көрсетіп, қорқытып, жұлқылап. Басында жақсы жүретін. Кейін үйленіп ажырасты. Екіншісіне тағы үйленді. Онымен де ажырасты”, – дейді азамат.
Анасын қорлап өлтірді деген шымкенттік жігіт екі рет сотталып шыққан екен. Бірінде ұрлық үшін ұсталса, екіншісінде есірткімен байланысып жауапқа тартылды дейді ер адам.
Анасын аяусыздықпен өлтірді деген күдікті сол күні почтаға түсетін әйелдің жәрдемақысын алып келген екен.
“Қайтыс болардың алдында почтадан ақша алыпты бұлар. Шешесін жұлқылап жүріп, тез-тез ақшасын алдырып, үйіне алып келген. Ақшасын алып болған соң әкеліп, өлтірген. Бірінші шынжырмен қылқындырып өлтірген. Кейін пышақтап. Күннің қарайғанын күтіп, апарып сол жаққа жаққан. Ешкім көріп қоймасын деп”, – дейді көршісі.
Өз ұлының қолынан айуандықпен ажал құшқан әйел бүгін жер қойнына тапсырылды. Ал ұлы қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалды.