Шымкенттегі адам өліміне әкелген төбелестің мән-жайы белгілі болды
Шымкентте жол-көлік оқиғасынан кейін басталған жаппай төбелес бір адамның өліміне әкелді, деп хабарлайжы Politico.kz.
Оқиға Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында болған. Бағдаршамның жасыл түсін күтіп тұрған Hyundai Sonata көлігінің артқы бамперіне Toyota Camry жеңіл соққан. Осыдан кейін Toyota-дан үш ер адам шығып, жанжал туындаған. Көп ұзамай Lexus LX-570 көлігінен тағы төрт адам келіп, Hyundai жүргізушісі Нұрмахан Ешанқұлов пен оның жолаушылары Мақсат Көшкенбаев пен Василий Колесниковке шабуыл жасаған.
Төбелес кезінде Мақсат Көшкенбаев мойнынан пышақ жарақатын алып, қалалық ауруханаға жеткізілген. Ал Василий Колесников белгісіз адамдар тарапынан соққыға жығылып, күштеп көлікке мінгізіліп әкетілген.
Куәгерлердің айтуынша, оқиғаға ондаған жүргізуші куә болғанымен, ешкім араша түспеген. Кейбірі жайтты видеоға түсіріп алған. Кейін полиция екі көлікті иесіз күйде тапқан.
Бақылау камераларының дерегінше, Колесниковты ВАЗ-2114 көлігіне отырғызып, Түркістан облысы Ордабасы ауданы бағытына алып кеткен. Шамамен екі сағаттан кейін оның мәйіті Темірлан ауылында, орталық аурухана маңынан табылды.
Қаза тапқан Василий Колесниковтың белгілі күрес жаттықтырушысы Александр Колесниковтың ұлы екені айтылды. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, ол қайғылы оқиғадан бір күн бұрын жұбайының қазасының жылын өткізген.
Ал Мақсат Көшкенбаевтың да көз жұмғаны жөнінде бейресми ақпарат тарағанымен, бұл дерек әзірге расталған жоқ. Полиция оқиғаға қатысы бар бес күдіктіні іздестіріп жатыр.
Соңғы жаңалықтар