Шымкенттің шулы экс-әкімі «Самұрық-Қазынаға» басшы болып оралды

09.01.2026 14:54 Арман Ермеков Арман Ермеков
Шымкенттің шулы экс-әкімі «Самұрық-Қазынаға» басшы болып оралды
0
1264
Фото: informburo.kz

Бес жылға жуық уақыт бойы көпшілік назарынан тыс қалған Ғабидолла Әбдірахымов «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары қызметіне кірісті, деп хабарлайды Politico.kz

Бұрынғы шенеунік «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының пайдалану жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Ал тағайындау туралы бұйрық 2025 жылдың 29 желтоқсанында шыққан. 

Осы айда 51 жасқа толатын шенеунік кезінде жарқын саясаткер және өткір мәлімдемелерімен халықтың назарында болған тұлға. Ол Шымкент қаласын екі мәрте басқарды. Алғашқы кезеңі 2015 жылдың тамызы мен 2017 жылдың қазаны аралығын қамтыса, екінші рет 2018 жылдың маусымынан 2019 жылдың шілдесіне дейін мегаполис әкімі болды. Осы екі аралықта «Нұр Отан» партиясының хатшысы қызметін атқарды. Сондай-ақ Премьер-министрдің кеңесшісі және Мәдениет және спорт вице-министрі лауазымдарында еңбек етті.

Әбдірахымовтың мансабындағы ең даулы сәт 2019 жылдың шілдесінде орын алды. Ол Лондондағы әйгілі «Ritz» қонақүйінің алдында түскен бейнежазбасын жариялап, өзін патриотпын деп атады және жастарға Қазақстанда жұмыс істеп, шетелде демалуға кеңес берді. Желі қолданушылары оның Лондонға сапарын белгілі бір Ольга есімді азаматшамен байланыстырып, түрлі болжамдар жасаған болатын. Қоғамның сынына ұшыраған бұл әрекет оның қызметтен кетуіне тікелей себеп болды. Сол кездегі Президент Әкімшілігінің басшысы Қырымбек Көшербаев шенеуніктің «сенім кредиті таусылғанын» ресми түрде мәлімдеген еді.

Жаңа тағайындауға қарамастан, экс-әкімнің аты бірқатар қылмыстық істерде аталған. 2022 жылдан бері ол бизнесмен Сайдулла Қожабаевтың арызы негізінде аса ірі көлемдегі алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық істе фигурант ретінде жүр. Кәсіпкер оны Кәрім Мәсімовпен және өзге тұлғалармен бірге белгісіз қызметтері үшін 2-3 миллион доллар алды деп айыптаған және іс Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке өткен.

Сонымен қатар Ғабидолла Әбдірахымовтың есімі Кентаудың экс-әкімі Рашид Аюповқа қатысты 2,8 миллион доллар пара алу ісінде де бой көрсетті. Тергеу болжамы бойынша, қаражат тендерде жеңіске жету үшін берілген. Сотта жарияланған стенограммада Аюпов Қожабаевтың ұлымен сөйлесу барысында өзін істен шығару үшін Әбдірахымовқа қатысты компромат беруді ұсынғаны айтылады. Онда экс-әкімнің «қамауға алуға оңай» екені және оның бірнеше нысандар мен фирмаларға иелік ететіні туралы деректер келтірілген.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий