"Сіздерді қолдаймын". Трамп Ақ үйде ауызашар берді

АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде ауызашар беру дәстүрін қайта жаңғыртып, қасиетті Рамазан айына арналған кешкі қабылдау ұйымдастырды. «Анадолу» агенттігінің хабарлауынша, 27 наурызда өткен шараға Америкадағы мұсылман қауымының өкілдері мен Сауд Арабиясы, Египет, БАӘ, Катар, Ливан және Пәкістан секілді мұсылман елдерінің дипломаттары қатысты.
Салтанатты жиынды ашқан Трамп қонақтарды «Қуанышты Рамазан» деп қарсы алып, соңғы президенттік сайлауда көрсеткен қолдаулары үшін алғыс білдірді.
Мен 2024 жылғы сайлауда маған рекордтық қолдау көрсеткен жүздеген мың америкалық мұсылмандарға ерекше алғыс айтқым келеді. Бұл керемет болды, – деді президент.
Мемлекет басшысы әкімшілігінің мұсылман қауымына берген уәделерін орындауға берік екенін атап өтті. Ол сондай-ақ Авраам келісімдерінің жетістіктеріне негізделген Таяу Шығыстағы бейбітшілікті нығайту бойынша дипломатиялық жұмыстар жалғасып жатқанын айтты.
Трамп Мичигандағы мұсылман қауымына ерекше алғыс білдірді.
Мен президент болып қала бергенше, сіздермен бірге боламын және сіздерді қолдаймын. Мұны білгендеріңізді қалаймын, – деп уәде берді АҚШ басшысы.
Сөз соңында президент мұсылман қауымдастықтарымен жемісті ынтымақтастық орнатып, жарқын болашақ құруға үміт білдірді.
Бұл ауызашар Трамптың АҚШ президенті ретіндегі екінші мерзіміндегі алғашқы осындай іс-шара болды. Бұған дейін Дональд Трамп мұсылмандарды Рамазан айының басталуымен құттықтаған болатын.
Соңғы жаңалықтар





