Солтүстік Қазақстанда әкімдік Міржақып Дулатұлының мемориалын қиратып тастаған
Солтүстік Қазақстан облысында Алаштың көрнекті қайраткері, жазушы Міржақып Дулатұлының мемориалдық кешешінін белгісіз біреулер қиратып кеткен, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Мемориалдық кешеннің бүлінген суреттерін алаштанушы Заңғар Кәрімхан бөлісті.

Оның жазуынша, 25 қараша – Міржақып Дулатұлының туған күні. Ақынның туғанына 140 жыл толып отыр. 1917 жылғы ІІ жалпы қазақ-қырғыз құрылтайы жиынынан соң, елді бүліншіліктен қорғау үшін жер-жерде әскерге жігіт жинау ісі басталған. Міржақып Дулатұлы жанында атақты заңгер Айдархан Тұрлыбайұлы бар екеуі Қызылжар маңындағы Аққұсақ деген жерде (Әлти қажы Барлыбай баласының қонысы) төтенше жиын ашады. 1918 жылғы шілдеде өткен бұл жиында ел-жұртқа Алаш идеясы түсіндіріліп, халықты қорғау туралы сөз болады.
«107 жыл өткенде осы аумаққа (Жамбыл ауданының Петровка ауылының маңы) мемлекеттік бюджетке қол салмай, жекелеген кәсіпкерлердің, онда да Алаш қайраткерлерінің ұрпақтарының көмегімен мемориалдық кешен тұрғызылады. Қазіргі заманғы инженерлік-архитектуралық талаптарға сай жасалған еңселі ескерткіш 27 қыркүйекте ашылуы тиіс болған. Уақыт жақындағанда ұйымдастырушылар қасақана қиратылған, бүлінген күйіне тап болады. Жаға ұстатар бұл сорақылықты кім жасады? Вандализммен жақсы дүниені бүлдіргендердің ойында не бар?» – дейді Заңғар Кәрімхан.
Кешенді жасаушылардың айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі техника, крандар, жұмысшылар жіберіп, кешенді талқандауды бастаған. Ұшар басындағы қыранның символдық бейнесін, айналасындағы шам бағандарын, мемориалдық тақтаны сындырып, бұзып кеткен.

«Не үшін? Қандай мақсатта орындалды? Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен оның айтқанын екі етпейтін орынбасары Жүсіп Жұмағұлов басқаратын әкімдіктің ойынша, «Алаш» партиясына, Алаш Орда үкіметіне және оның көсемдеріне 28 метрлік мұндай керемет ескерткіш орнатуға болмайды-мыс. Солтүстік Қазақстан газеті рас па? Олар нұсқау жоғары жақтан келді деп ақталуы да мүмкін. Кешенді толық қиратуға дәттері жетпеген сияқты. Алаштың асыл азаматтарының азиз рухы басты ма, әлде өзге бір себеп бар ма, облыс атқамінерлері мүлдем жойып жібере алмапты. Енді не болмақ?» – деп жазды ол.
Заңғар Кәрімханның айтуынша, бұған әкімдік те, Мәдениет және ақпарат министрлігі деп жауап беруі керек.
«Бұл кешен тек Міржақыпқа ғана қатысты емес, осы өлкеге ғана тиесілі емес, Әлихан, Ахмет, Жаһанша, Мұхамеджан, Смағұл сынды тау тұлғаларға құрмет деп есептеледі. Бұл жер Қазақстанның сакральды картасына кіргенін жаза кетейік», - деді ол.
Әкімдіктің мәліметінше мемориал құрылысында адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін конструктивтік бұзушылықтар анықталған. Құрылыстың тоқтатылуы мен нысанның бұзылуы саяси астармен емес, тек техникалық қауіпсіздік себептерімен түсіндірілді.
Соңғы жаңалықтар