«Станция мен шәйнек»: Мусин KazLLM мен ChatGPT айырмашылығын түсіндірді

16.02.2026 10:11 Арман Ермеков
«Станция мен шәйнек»: Мусин KazLLM мен ChatGPT айырмашылығын түсіндірді
53
Бағдат Мусин. Фото: Үкімет

«Қазақтелеком» басшысы жасанды интеллект жүйелеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Экс-министр Бағдат Мусин отандық KazLLM мен әлемге танымал ChatGPT жүйесін салыстыруға қатысты өз ойын жазды. Оның сөзінше бұл екеуі бір-біріне бәсекелес емес және мүлдем әртүрлі деңгейдегі инфрақұрылым болып саналады.

Мусин мәселенің мәнін энергетика саласымен байланыстырып түсіндірді.

«Фундаменталды тілдік модель (LLM) – электр станциясы секілді. Ол "интеллектуалды энергия" өндіреді.

Ал ChatGPT сияқты өнімдер – теледидар, шәйнек, тоңазытқыш секілді кәдімгі тұрмыстық техника. Құрылғылар өте ыңғайлы, әдемі, көп функциялы болуы мүмкін. Бірақ электр қуатынсыз олар жұмыс істемейді», – деп жазды Мусин.

«Қазақтелеком» төрағасының айтуынша OpenAI мен Google сияқты орталықтар инфрақұрылым салып, негізгі энергия көзін жасайды. Ал Microsoft Copilot немесе Notion AI секілді сервистер сол дайын базаның үстіне құрылған қосымшалар ғана. Сондықтан бір іргелі модель ондаған қосымшаны қуатпен қамтамасыз ете алады.

Бағдат Мусин KazLLM жобасы нақты бір өніммен жарысу үшін емес, елдің технологиялық тәуелсіздігі үшін қажет екенін атап өтті.

«Бұл жүйенің мақсаты: жеке генерацияға ие болу, сыртқа тәуелділікті азайту, деректерді өңдеуді бақылауда ұстау, ғылыми мектепті дамыту, технологиялық егемендікті қамтамасыз ету. Сырттан дайын өнімді алған арзан әрі ыңғайлы болғанымен, стратегиялық тұрғыда елдің өз жүйесі болуы маңызды», – деп мәлімдеді «Қазақтелеком» басшысы.

Сонымен қатар ол көпшілікті айтылған сөзді бұрмаламай, сарапшылардың пікіріне сүйенуге шақырды. Мусин eGov пен ХҚКО сияқты жобалар халық өмірін жеңілдеткенін еске салып, Мемлекет басшысының жасанды интеллект саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын жеткізді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий