«Сұранса, бір жері кеміп қала ма?»: Гүлзира Айдарбекова Роза коучтың келіндерге берген ақылына шүйлікті

30.09.2026 • 14:25 Мөлдір ҚАЙНАР
«Сұранса, бір жері кеміп қала ма?»: Гүлзира Айдарбекова Роза коучтың келіндерге берген ақылына шүйлікті
338
Фото: коллаж politico.kz

Танымал продюсер Гүлзира Айдарбекова коуч Роза Әшірбаеваның «келін ене мен күйеуінен сұранбауы керек» деген мағынадағы мәлімдемесіне түбегейлі қарсы шықты, деп хабарлайды Politico.kz.

Оның пайымынша, әулетте үлкендерге құрмет көрсетіп, баратын жерін ескертіп, ақылдасып жүру — ежелден келе жатқан қалыпты отбасылық құндылық. Продюсер қазіргі жастардың интернеттегі ақылшылардың сөзіне еріп, өз ата-анасы мен ошақ қасының берекесін екінші орынға ысырып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.

«Сұранса, бір жері кеміп қалады да, сұранбай кетсе, қарағайдай маңдайына мүйіз шығады ма екен? Жастар онсыз да үміт артып, өсіріп отырған өз ата-анасын емес, осылай ақыл берушілерді тыңдап, өзгеріп кетті. Үлкенді құрметтеу жоғалып, бұлай азғыруға болмайды. Осындай ақылды өз ұрпақтарына үгіттеп бере бергені дұрыс-ау. Осыдан кейін отбасыларында қалай ауызбіршілік болсын?» – деп күйінді ол.

Айдарбекова өзінің де ене екенін айтып, шаңырағындағы келіндерімен арадағы сыйластықты үлгі ретінде алға тартты. Ол өзі де үйден шығарда келіндеріне ескертіп, киім таңдау немесе сыйлық алу мәселесінде олармен ашық ақылдасатынын, бұл үйдегі татулықты бекіте түсетінін жеткізді.

Сондай-ақ продюсер қиын сәт туғанда сырттағы кеңесшілер емес, ең бірінші болып сол жақындары көмекке келетінін қадап айтты:

«Ал күйеуіңнен сұрансаң, не болыпты? Бір жағдай болып қалса, жүгіретіні де сол отбасың, күйеуің емес пе, әрине, Роза емес. Мен Розамен сыйласамын, бірақ мына сөзі денемді тітіркентті», – деді Гүлзира Айдарбекова.

Сөзінің соңында продюсер келіндер мен аналарды сырттан айтылған желідегі уағыздарға көзсіз сенбей, өз шаңырағының ырысын сақтауға, менмендікті қойып, енеге өз анасындай мейіріммен қарауға шақырды.

Войдите, чтобы оставить комментарий