Тағдыр маңдайға емес, туу ретіне жазыла ма? Психолог әр баланың мінезі неге әртүрлі болатынын түсіндірді
Бір шаңырақтың астында, бірдей тәрбие мен бірдей жағдайда өссе де, балалардың мінез-құлқы жер мен көктей болатыны несі? Бірі – салмақты, екіншісі – желөкпе, ал үшіншісі – шығармашылыққа жақын. Белгілі психолог Альфред Адлер мұның сырын баланың отбасындағы туу ретімен байланыстырады.
Кейде қонаққа барғанда бір үйдің балаларына қарап таңғаламыз. Ата-анасы бір, жейтін тамағы ортақ, бірақ әрқайсысы бөлек әлем секілді. Адлердің пайымдауынша, бұл кездейсоқтық емес. Бала отбасында нешінші болып дүниеге келсе, оның болашақ тағдыры мен болмысы соған сай қалыптасады.
Тұңғыштар: «Тақтан тайдырылған патшалар»
Отбасының алғашқы қуанышы болған тұңғыштар алғашында ата-ананың шексіз махаббатына бөленіп өседі. Олар үшін әлем тек өздеріне ғана қызмет ететіндей көрінеді. Алайда, өмірге екінші сәби келген сәтте, тұңғыштың басындағы "тәж" түсіп қалады. Адлер мұны "эмоционалды жер сілкінісіне" теңейді.
Кеше ғана еркелеп жүрген балаға бүгін «Сен үлкенсің ғой, үлгі болуың керек» деген жауапкершілік жүктеледі. Нәтижесінде тұңғыштардан көбіне жауапкершілігі мол, тәртіпті, басшылыққа бейім және сөзінде тұратын тұлғалар шығады. Олар өмір бойы «мен мықты болуым керек» деген қағидамен өмір сүреді.
Ортаншылар: Туа біткен дипломаттар
Ортаншы баланың жағдайы мүлде басқа. Олар өмірге келгенде ата-ананың назары екіге бөлініп қойған. Психологтың өзі де алты баланың екіншісі болғандықтан, бұл күйді жақсы түсінген: "Ортаншы бала үнемі жарыс үстінде жүреді. Ол алдындағы аға-апкесін қуып жеткісі келеді, ал артындағы іні-қарындасына есе жібергісі келмейді".
Сондықтан ортаншылардан көбіне икемді, жан-жақты, кез келген ортаға тез сіңісіп кететін адамдар шығады. Олар – отбасындағы бітімгерлер. Үлкендер мен кішілердің арасындағы көпір бола білетін қабілет оларға болашақта да көп көмектеседі.
Кенжелер: Еркетайлар мен әртістер
Үйдің ең кішісі – дайын ортаға келеді. Ата-ананың тәжірибесі бар, ережелер жұмсарған, алдында жол салып берген ағалары бар. Кенжелерге ұрыс та аз естіледі, еркелік те көбірек көтеріледі.
Мұндай жылы атмосферада өскен балалар еркін, шығармашылыққа жақын және эмоцияны жақсы меңгерген болып келеді. Олардан көбіне өнер адамдары, дәрігерлер немесе қоғаммен жұмыс істейтін мамандар шығады. Олар өмірдің ауыртпалығын тұңғыштар сияқты иықпен көтеруге емес, жеңіл қабылдауға бейім.
Жалғыз бала: Бәсекелесі жоқ лидер
Ал үйдің жалғызы – өмір бойы ата-анасының назарында. Оларда бәсекелес жоқ, сондықтан өздерін әлемнің орталығы санау сезімі басым болады. Егер кейін бауыр пайда болса, олар үшін бұл үлкен соққы болуы мүмкін. Дегенмен, жалғыз өскен балалар өз-өзіне сенімді, мақсатшыл болып жетіледі.
Әрине, Адлердің бұл теориясы – бұлжымас заң емес, тек бағдаршам ғана. Адамның қандай болып өсуі тәрбие мен ортаға да байланысты. Бірақ бір нәрсе анық: бір үйде өссе де, әр бала өзінің қайталанбас жолын салады. Бастысы – "бес саусақтың" бәрі бірдей сүйікті екенін ұмытпау.
Соңғы жаңалықтар